19.12.2024
- Холдинг туралы
Қызылордада «Orda Glass Ltd» ЖШС шыны зауытының балқыту пеші іске қосылды, ол ұзақ уақыт бойы проблемалы болып саналған. Бұл зауытты пайдалануға беру алдындағы бақылау кезеңі болып табылады.
Табақ шыны өндіретін зауыт 2015-2019 жылдарға арналған Республикалық индустрияландыру картасына енді. Жоба Тұңғыш Президент - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы шеңберінде жүзеге асырылуда және Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен ҚР Үкіметінің бақылауында. Шыны зауытының іске қосылуы Сырдария өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуына зор ықпал етіп қана қоймай, Қазақстан экономикасында жаңа саланы ашады. Зауыт құрылысына 300 адам тартылды, ал оны пайдалану кезеңінде 226 адам жұмыс істейтін болады.
Қуаты жылына 197 100 тонна табақ шыны өндіру және өңдеу жөніндегі шыны зауыты Қызылорда қаласының Индустриялық аймағында орналасқан. Қазақстан үшін бұл бірегей жобаның құны 43,7 млрд теңгені құрайды, оның 33,6 млрд теңгесі «Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы - «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ-ның қарыз қаражаты болып табылады.
Шыны зауытының балқыту пешін жағудың салтанатты рәсімі Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаевтың, Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың, «Бәйтерек» холдингінің Басқарма төрағасы Айдар Әріпхановтың және қытай инвесторларының қатысуымен өтті.
- «Бәйтерек» холдингі Үкімет пен Қызылорда облысы әкімдігінің белсенді қолдауымен ұзақ уақыт бойы біздің бұрынғы еншілес ұйымымыз – Қазақстанның инвестициялық қорының стресстік портфелінде болған осы жобаны жандандыру бойынша үлкен жұмыс жүргізді. Шыны өндірісі бойынша әлемдік көшбасшы болып табылатын стратегиялық инвестор King Charm Development Limited тартылды. Бүгінгі күні біз жаңа зауыттың балқыту пешінің іске қосылуына - пайдалануға беру және өнім шығару алдындағы бақылау кезеңіне қатысып отырмыз, - деді Айдар Әріпханов журналистерге.
Қазіргі уақытта құрылысты қытайлық «King Charm Development Limited» компаниясы аяқтап жатыр. 2017 жылдың тамызында «Orda Glass Ltd» ЖШС мен China Triumph International Engineering Group Co., Ltd (CTIEC) компаниясы арасында объект бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстарын 2018 жылғы 1 тамызға дейін аяқтау үшін мердігерлік шартқа қол қойылды. Бұрынғы мердігер «Шымкентхиммонтаж» ЖШС міндеттемелерін тиісінше орындамауы және жұмыстарды сапасыз орындауы себебінен шеттетілді.
Зауыт құрылысын аяқтау мерзімі жыл сайын бірқатар себептерге, соның ішінде коронавирустық пандемияға, мердігердің мерзімдерді бұзуына, ақауларды түзетуге және басқаларға байланысты қатысушылардың жобадан шығуына байланысты кейінге қалдырылды. COVID-19 пандемиясына байланысты енгізілген шектеу шараларына қарамастан, мемлекеттік комиссия құрылысты аяқтау үшін қажет Қытайдан келген жоғары білікті мамандардың елге кіруіне рұқсат берді.
Зауытты түпкілікті пайдалануға беру 2022 жылдың наурызына, ал өнімді алғашқы коммерциялық шығару - 2022 жылдың сәуір айының басына жоспарланып отыр.
Жобалық қуатқа шыққан кезде зауыт ішкі нарықты өз өнімімен толық қанағаттандыра алады, сондай-ақ оны ЕАЭО және Орталық Азия нарықтарына экспорттай алады. Қазіргі уақытта табақ шыны Ресейден, Қытайдан және Қырғызстаннан жыл сайын 13 млрд теңгеге импортталады. Тиісінше, бұл әйнек пен құрылыстың қымбаттауына әсер етеді.
Шыны күнделікті өмірдің көптеген салаларында өсіп келе жатқан материал болып табылады. Отандық шыны тұрғын үй және коммерциялық жылжымайтын мүлік құрылысында, автомобиль жасауда, жиһаз және интерьер заттарын өндіруде қызметтер мен тауарлардың өзіндік құнын едәуір төмендетеді. Сонымен қатар, әлеуметтік инфрақұрылым нысандарының құрылысы белсенді дамуда (көлік, спорт).