19.12.2024
- Холдинг туралы
Бүгіннен бастап «Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы АҚ «Отбасы банк» Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан (БЖЗҚ) емделуге берілетін біржолғы зейнетақы төлемдерін (БЗТ) Қазақстан Республикасының аумағында пайдалануға арналған өтініштерді www.enpf-otbasy.kz онлайн платформасында қабылдай бастайды.
БЗТ емделу шығындарын төлеуге қолдану үшін өтініш беруші «ЖССБ24» қосымшасында арнайы ағымдағы шот ашуы қажет. ЭЦҚ қолдана отырып www.enpf-otbasy.kz платформасында авториязациядан өтіп, «емделу» мақсатын таңдап, ЭЦҚ-мен қол қою арқылы БЗТ алуға өтініш жолдайды.
БЖЗҚ 5 жұмыс күні ішінде БЗТ сомасын алушының арнайы шотына аударады. Қаражат арнайы шотқа түскеннен кейін алушы диагностика жасау үшін бейінді медициналық маманға жүгінеді. Бейінді маманның қорытындысын алғаннан кейін алушы өзінің тіркелген жері бойынша медициналық ұйымға жүгінеді және жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесін қоса отырып, медициналық комиссияның қорытындысын беру туралы өтініш жолдайды. Дәрігерлік комиссия өтініш берген күннен бастап 5 жұмыс күні ішінде өтініш берушінің бекітілген нысан бойынша емделуге жіберілуі туралы шешім шығарады немесе өтінішін растамайды. 2 жұмыс күні ішінде комиссия хатшысы клиентке қорытынды береді.
Оң қорытынды алғаннан кейін клиент өзі емделгісі келетін медициналық ұйымды таңдайды және онымен медициналық ұйымның осы қызмет түріне лицензиясын, аталмыш медициналық қызмет түрі мен медициналық комиссияның қорытындысы бойынша белгіленген диагнозы туралы ақпаратты қамтитын, медициналық ұйымның деректемелері жазылған келісім құрады. Платформаға медициналық комиссияның қорытындысы мен медициналық ұйыммен жасалған келісімшартты жүктейді. «Отбасы Банкі» 5 жұмыс күні ішінде құжаттардың сәйкестігін тексереді және клиенттің арнайы шотынан медициналық ұйымның шотына қаражат аударады.
Емделу ақысын төлеуге арналған БЗТ-ның нысаналы пайдаланылуын растайтын құжаттар:
1) дәрігерлік-кеңес беру комиссиясының қорытындысы;
2) медициналық ұйым мен алушы арасында жасалған медициналық қызметтер көрсету туралы шарт (шарт шет тілінде жасалған жағдайларда нотариалды куәландырылған аудармасын қоса бере отырып) және (немесе) сатушы мен алушы арасындағы дәрілік заттарды сатып алуға арналған шарт.
Алушы БЗТ-ның нысаналы пайдаланылуын растайтын құжаттарды ұсынбаған жағдайда, қаражат арнайы шотқа келіп түскен күннен бастап 45 (қырық бес) жұмыс күні ішінде БЖЗҚ-ға қайтарылады.
Емделуге берілетін БЗТ пайдалану ережелеріне сәйкес қамтылған медициналық қызметтер тізімі:
1. «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының 2020 жылғы 7 шілдедегі Кодексі 177-бабының 3-тармағына сәйкес денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган айқындайтын тізбесі бойынша орфандық ауруларды емдеу, оларды дәрілік қамтамасыз ету, сондай-ақ емдеу тактикасын айқындау үшін диагностикалық зерттеулер;
2. Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан медициналық ұйымдарда көрсетілетін стоматологиялық қызметтер (тістерді протездеу, импланттау);
3. Операциядан кейінгі тыртықтар мен туа біткен ақауларды, сондай-ақ жүргізілген мастэктомиядан кейінгі түзету мақсатында реконструктивтік және қалпына келтіру операциялары (пластикалық);
4. Радионуклидтік және радиойодтерапия;
5. Радиохирургиялық емдеу (гамма-пышақ, киберпышақ);
6. Протон терапиясы;
7. Офтальмологиялық қызметтер (мүйізді коллагеннің кросслинкингі, көзді лазерлік түзету).
Табыстау кезінде біржолғы зейнетақы төлемдерін уәкілетті оператор 5 (бес) жұмыс күні ішінде өтініш берушінің арнайы шотынан алушының арнайы шотына аударады.
Алушы жұбайының (зайыбының) және (немесе) жақын туыстарының БЗТ пайдаланған жағдайда, өтініш мақұлданғаннан кейін сіздің туысқаныңыздың жеке кабинетінде табысталған қаражатты қабылдау терезесі пайда болады. Қабылдаушы тарап "келісемін" деген батырманы басып, өтінішке ЭЦҚ көмегімен қол қояды. Пайда болған терезеде табысталған қаражатпен бірге пайдалану жоспарланатын жеткіліктілік шегінен жоғары БЗТ сомасын көрсету қажет. Егер алушының жеке зейнетақы қаражаты болмаса, ол тек табысталған қаражатты пайдалануды жоспарласа, онда бұл баған бос қалуы керек. Бұдан әрі, өтінімді қалыптастырып, БЗТ және ЖТС ұстап қалу туралы өтінішке қол қойылуы қажет. Берілген қаражаттан ЖТС екінші рет алынбайтынын ескере кету керек.
Емделу ақысын төлеуге арналған БЗТ ережелерде белгіленген кез келген мақсаттарға шектеусіз рет пайдалануға болады, ол қолма-қол ақшасыз жүзеге асырылады. Емделуге арналған БЗТ сомасы жеткіліксіз болған жағдайда, алушы өз қаражатын қосып діттеген мақсатына пайдалана алады.
Қосымша ақпарат 300 нөмірі бойынша