27.11.2026
- Холдинг туралы
- Тұрақты даму
Кеңес ал!
Премьер-министр Олжас Бектенов «Бәйтерек» ұлттық инвестициялық холдингі Директорлар кеңесінің отырысын өткізді. Кеңес Холдингтің 2027 жылға арналған бюджетін және Басқарма төрағасы мен мүшелерінің қызметінің 2027 жылға арналған негізгі көрсеткіштерін бекітті.
Холдинг Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында инвестициялардың тиімділігін арттыру және экономиканың нақты секторын дамыту жөнінде қойған міндеттерін іске асыруға басымдық береді. Осыған орай Холдингтің келесі жылға арналған негізгі қызмет көрсеткіштеріне негізгі капиталға салынған инвестициялар, қолдау алған кәсіпорындардың түсімі және олардың экспорттық сату көлемі енгізілді.
2027 жылы «Бәйтерек» холдингінің компаниялар тобы экономиканы қолдауға 8 трлн теңге бағыттауды жоспарлап отыр. Өңдеу өнеркәсібі, инфрақұрылым және агроөнеркәсіп кешені бойынша негізгі капиталға салынатын инвестициялардың нысаналы көлемі 1,17 трлн теңгені құрайды. Сондай-ақ Холдингтің қатысуымен шамамен 2,7 млн шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Холдинг жобаларды қаржыландыру үшін нарықтан қаражат тартуды жалғастырады. Болжам бойынша, 2027 жылы қарыз қаражатының 54%-ы мемлекеттік емес көздерден тартылады. Екінші деңгейдегі банктердің мемлекеттік қолдау құралдары арқылы бизнесті қаржыландыруға қатысуы жеке бағаланады.
Бұл шешімдер Холдингтің 2033 жылға дейінгі жаңартылған даму жоспарына негізделген. Директорлар кеңесі оны тамыз айында мақұлдаған болатын. Жоспардағы басымдықтардың бірі – жаңа өндіріс орындарын ашатын немесе жұмыс істеп тұрған өндірістердің қуатын арттыратын кәсіпорындардың мүмкіндігін кеңейту. Осы мақсатта «Бәйтерек» жобаларды қаржыландыруға банктер мен жеке инвесторларды тартады.
Отырыс қорытындысында Олжас Бектенов Холдингтің сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс қызметінің, ішкі аудиттің және сатып алуды бақылау қызметінің жұмысын күшейту қажет екенін атап өтті. Премьер-министр сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу үшін нақты шаралар қабылдаудың маңызын айтты. Сондай-ақ ол бұл жұмыста формализмге жол бермей, Холдинг қызметін жақсарту жөнінде нақты ұсыныстар әзірлеуге шақырды.
Директорлар кеңесінің отырысына дейін, 24 қарашада, Астанада тәуелсіз директор Чарон Вардини бин Мохзанидің төрағалығымен Холдингтің Инвестициялық кеңесінің отырысы өтті. Төрт инвестициялық дирекция Кеңестің қарауына ел аумағында іске асыру көзделген 30 инвестициялық жобаны ұсынды. Олардың қатарында Қостанай облысында бидайды терең өңдейтін зауыт, Солтүстік Қазақстан облысында ағаш өңдеу кәсіпорны және Маңғыстау облысында аммиак пен карбамид өндіретін кешен салу жобалары бар.
25 қарашада Директорлар кеңесінің Стратегиялық жоспарлау комитеті Холдингтің 2026 жылдың тоғыз айындағы жұмыс қорытындысын қарады. Есепке сәйкес, қаңтар-қыркүйек аралығында экономиканы қолдаудың жалпы көлемі 8,7 трлн теңгені құрады. Оның ішінде 6,5 трлн теңге кәсіпкерлікті қолдауға бағытталды.
Дереккөз: Үкімет сайты