19.12.2024
- Холдинг туралы
«Ресей экспорт орталығы» АҚ (РЭО) «Бәйтерек» холдингімен бірлесіп қазақстандық-ресейлік жобаларды іске асыруға қызығушылық білдіріп отыр. Бұл туралы Холдингтің Басқарма төрағасының орынбасары Әділ Мұхамеджановпен кездесуде РЭО бас директоры Вероника Никишина хабарлады.
РЭО басшысы компанияның қызметімен таныстырып, табысты ынтымақтастық орнатуға болатын жұмыс бағыттарын атап өтті.
- Біріншіден, «Бәйтерек» холдингі іске асырып жатқан жобалар бізді қызықтырады. Сіздердің құзыретіңіздің аясы қаншалықты жан-жақты әрі жүктейтін міндеті жауапты екенін көріп, түсініп отырмыз. Біз сіздердің жобаларыңызды іске асыру үшін қажетті өнімді ұсынып, қызмет көрсете алатын адал өнім берушілерді іздеуде серіктес бола аламыз. Өзара іс-қимылдың жедел алгоритмін құрып, делдалсыз әрекет етіп, ықтимал шығындарды азайтуға болады. Екіншіден, егер жобаларды іске асыру үшін қаражат қажет болса, біз әртүрлі қаржыландыру түрлерін ұсына аламыз, - деп атап өтті Вероника Никишина.
Өз кезегінде, Әділ Мұхамеджанов «Бәйтерек» холдингінің құрылымында халықаралық қаржы ұйымдарымен, банктермен, инвестициялық қорлармен және халықаралық компаниялармен өзара тиімді қарым-қатынас орнататын еншілес компаниялар жұмыс істейтінін айтты.
- «Бәйтерек» холдингі Үкіметтің негізгі қаржы институты болып табылады және барлық ірі индустриялық жобалар біздің қатысуымызбен қаржыландырылады. Мысалы, Холдингтің еншілес құрылымы – Қазақстанның даму банкі шикізаттық емес экономика нарығындағы әрбір екінші теңгені ұсына отырып, аталған секторға ұзақ мерзімді кредит беретін локомотивке айналған. Пайплайнда бірнеше үлкен жобалар бар, қазір олар зерделенуде. Егер ресейлік контент болса, сіздің де өнімдеріңізді пайдалану өте қызықты болар еді. Сонымен қатар, біздің еншілес ұйымымыз «KazakhExport» қызметі сіздер атқаратын жұмысқа ұқсайды. Біздің компанияны Үкімет қолдайды, ал оның сақтандыруы мемлекеттік кепілдігімен нығайтылған, - деп, Холдинг Басқармасы төрағасының орынбасары хабарлады.
Сондай-ақ, Әділ Мұхамеджанов ресейлік әріптестерін синдикатталған қаржыландыру саласын дамытуға шақырды. «Бәйтерек» холдингі ҚДБ-мен бірлесіп, бүгінде іске асыруда синдикатталған кредит беру тетігін пайдалануға болатын әлеуетті жобалар портфелін қалыптастырды.
Кездесу соңында тараптар ресейлік экспорттаушы өндірушілер үшін өндірісті Қазақстанда шоғырландыру бойынша арнайы бағдарламаны әзірлеуге уағдаласты. ҚР ішкі нарығына да, экспортты дамытуға да бағдарланған өндірістерді құру жөніндегі жол картасын әзірлеу ұсынылады.
Кездесуге Ресей тарапынан – «Росэксимбанк» АҚ Басқарма төрағасы Азер Талыбов, «РЭО» АҚ Машина жасау экспортының директоры Владимир Белоусов, «РЭО» АҚ Қазақстандағы өкілдігінің басшысы Олег Печенкин, Холдинг тарапынан – Жобалық қаржыландыру және инвесторлармен жұмыс департаментінің директоры Әсет Тәжікенов, «KazakhExport» ЭСК» АҚ (Холдингтің еншілес ұйымы) Басқарма төрағасының орынбасары Қуаныш Мұқажанов қатысты.