11.11.2026
- Холдинг туралы
- Тұрақты даму
Кеңес ал!
Біріккен Ұлттар Ұйымының (БҰҰ) Тұрақты даму мақсаттары жөніндегі өңірлік форум аясында «Бәйтерек» холдингі SDG Champions 2026 байқауының Гран-приін иеленді. Холдинг құрамына кіретін Қазақстанның Даму Банкі байқаудың алтын жүлдесін, ал Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы күміс жүлдесін жеңіп алды.
Байқауды БҰҰ Жаһандық шартының Орталық Азиядағы желісі ұйымдастырды. Оған Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстаннан 20-ға жуық ұйым қатысты. Қорытынды шығару кезінде ұйымдардың 2025–2026 жылдары тұрақты даму жобаларын іске асыру, инновацияларды енгізу, экологиялық және әлеуметтік тәжірибелерді дамыту, сондай-ақ корпоративтік басқару мен ашықтықты қамтамасыз ету бағыттарындағы нәтижелері ескерілді.
«Бизнестің болашағы ретіндегі тұрақты даму» тақырыбындағы панельдік сессияда сөз сөйлеген Холдингтің басқарушы директоры Жанат Аңсағанова «Бәйтеректің» инвестициялық рөлінің кеңеюі және жаңа миссиясы туралы айтты. Жаңа миссия тұрақты экономикалық өсуге инвестиция салу арқылы келешек ұрпақтың әл-ауқатын арттыруды көздейді.
Холдингтің 2024–2033 жылдарға арналған жаңартылған Даму жоспары оның стратегиялық міндеттерін БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарымен ұштастырып, «Бәйтеректің» стратегиялық инвестор ретіндегі рөлін күшейтеді. Ұзақ мерзімді қаржыландыруды және бірнеше серіктестің ресурстарын біріктіруді қажет ететін жобаларға ұзақ мерзімді жеке капитал тарту басым бағыттардың біріне айналуда.
Осы міндетті іске асыру үшін Холдинг пен оның еншілес ұйымдары коммерциялық банктермен және халықаралық қаржы институттарымен ынтымақтастықты дамытуда. Бірлесіп қаржыландыру, синдикатталған кредиттеу, кепілдік беру, сақтандыру және үлестік қатысу тетіктері қатысушылар арасында тәуекелдерді бөлісуге әрі бизнесті қаржыландыру мүмкіндіктерін кеңейтуге жол ашады.
«Біздің міндетіміз – кепілдік беру, сақтандыру, үлестік қатысу және бірлесіп қаржыландыру арқылы инвесторлардың тәуекелдерін азайтып, ұзақ мерзімді инвестицияларға жол ашу. Даму жоспарында нақты меже белгіленген. Холдинг тарапынан көрсетілетін қолдаудың әрбір теңгесіне банктерден кемінде екі теңге қаражат тартылуға тиіс», – деп атап өтті ол.
Қазақстанның Даму Банкінің қызметі осындай серіктестіктің нақты мысалы бола алады. Банк синдикатталған кредиттеу және бірлесіп қаржыландыру аясында жалпы құны 3,4 трлн теңге болатын 12 жобаны іске асыруға қатысуда.
«Даму» қорының кепілдік беру құралдары бизнестің кредитке қолжетімділігін арттыруға көмектеседі. Олар кепіл мүлкі жеткіліксіз кәсіпкерлерге қаржыландыру алуға, ал банктерге жаңа өндірістерді қаржыландыру және жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды кеңейту кезінде кредиттік тәуекелдерді бөлісуге мүмкіндік береді.
Инвестициялық жобаларды бірлесіп пысықтау үшін Холдингтің Басқарушы жобалық офисі құрылды. Ол даму институттарының, банктер мен реттеушілердің өзара іс-қимылын қамтамасыз етіп, жобаларды дайындауға және экономиканың нақты секторына қаржыландыру тартуға жәрдемдеседі.
Панельдік сессияға қатысушылар мемлекеттік және жеке қаражатты ұштастыру, тәуекелдерді бөлісу және бизнестің тұрақты дамуға ықпал ететін инвестицияларға қолжетімділігін кеңейту мүмкіндіктерін талқылады.