19.12.2024
- Холдинг туралы
Бүгін Тәуелсіздік сарайында екі жылдық үзілістен кейін қазақстандық өндірушілердің дәстүрлі «Ulttyq Onim» көрмесі ашылды, ол ағымдағы жылдың 20-22 мамыр аралығында өтеді.
Көрменің ашылуына ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев, ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ Басқарма төрағасы Қанат Шарлапаев, «Атамекен» ҰКП Төралқа төрағасы Райымбек Баталов, «Даму» КДҚ» АҚ Басқарма төрағасы Гаухар Бөрібаева, сондай-ақ Парламент депутаттары, мемлекеттік органдардың, бизнес қоғамдастықтың өкілдері қатысты.
Көрмені ұйымдастырушы – «Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры. Көрмеге өз өнімдерін ұсынған микро, шағын және орта бизнестің 350-ден астам өкілі шақырылды. Олардың барлығы «Даму» қоры арқылы мемлекеттік қолдауға ие болған.
Ашылу салтанатында ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов қатысушыларға құттықтау сөз сөйледі.
- Бүгінде Үкімет кәсіпкерлікті қолдаудың кешенді шараларын жүзеге асыруда. Мәселен, соңғы 5 жылда шағын және орта бизнестің ЖІӨ-дегі үлесі 27%-дан 35%-ға дейін өсті, - деді Әлихан Смайылов.
Сонымен қатар Премьер-Министр Мемлекет басшысы жариялаған шағын және микробизнес субъектілерін тексеруге мораторий бизнес жүргізуді жеңілдеткенін атап өтті.
Іс-шараның ресми бөлімінен кейін шақырылған қонақтар көрмеге қатысушы қазақстандық кәсіпкерлердің өнімдерімен танысты.
Сондай-ақ, журналистерге арналған баспасөз мәслихаты өтті, онда Гаухар Бөрібаева қазақстандық кәсіпкерлерге арналған мемлекеттік қолдау шаралары туралы айтты. Көрмеге қатысқан ШОБ өкілдері өз компанияларының қалыптасу жолымен бөлісті.
- Бұл жыл сайынғы алтыншы көрме. Оған қатысуға ниет білдіргендер өте көп болды, сондықтан ішкі нарықта ғана емес, экспорттық нарықта да әлеуеті жоғары неғұрлым ірі компанияларды іріктеп алдық. «Ulttyq Onim» көрмесі мультипликативтік жақсы әсер етіп, ШОБ-тың одан әрі дамуына жаңа серпін береді деп күтеміз. Осылайша ШОБ Қазақстан сұранысын қамтамасыз етіп қана қоймай, сондай-ақ өнімді шетелге де шығара алады, - деп атап өтті Гаухар Бөрібаева.
Айта кету керек, елорда тұрғындары мен қонақтары көрмені үш күн бойы тамашалап, «Made in KZ» маркасымен шығатын тауарларды сатып ала алады. Бұлар – жеңіл және тамақ өнеркәсібі, машина жасау және фармацевтика өнімдері, жиһаз, ағаштан жасалған тауарлар, зергерлік бұйымдар және тағы басқалар.
Бұдан басқа, келушілер үшін «Халық таңдауы» дегустациялық байқауы өткізіледі, қазақстандық жетекші өндірушілердің әйелдер мен ерлер киімдерінің топтамалары көрсетіледі, билеттер бойынша көрме қатысушыларының сыйлықтары ойнатылатын күнделікті ұтыс ойындары өтеді.
Сонымен қатар, «Ulttyq Onim» көрмесі – қазақстандық кәсіпкерлердің шетелдік серіктестермен және инвесторлармен кездесуі үшін тамаша алаң. Көрме аясында кәсіпкерлерге Франчайзингтік компаниялардың форумы мен түрлі шеберлік сабақтары ұйымдастырылады, онда танымал кәсіпкерлер өздерінің пайдалы білімдерімен, тәжірибелерімен бөліседі.
Атап өтетіні, өткен жылы «Даму» қоры жалпы кредит сомасы 2,2 трлн теңге болатын 57,4 мың жобаға қолдау көрсетті, бұл 2020 жылмен салыстырғанда жобалар саны жағынан 74%-ға артық. 2022 жылы «Даму» қоры субсидиялау және кепілдік беру бойынша 42 мыңға жуық жобаны қолдауды жоспарлап отыр.