21.10.2025
- Холдинг туралы
- Тұрақты даму
Кеңес ал!
2025 жылғы 13-17 қазан аралығында «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Ерсайын Хамитов АҚШ-тың Вашингтон және Нью-Йорк қалаларында өткен Дүниежүзілік банк тобы (ДБ) мен Халықаралық валюта қорының (ХВҚ) күзгі кездесулеріне Қазақстан Республикасының ресми делегациясы құрамында қатысты.
Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен іс-шаралар Қазақстанның жетекші халықаралық қаржы институттарымен және инвестициялық компанияларымен стратегиялық ынтымақтастығын нығайтуға бағытталды.
Сапар бағдарламасы аясында Дүниежүзілік банк тобының (Халықаралық қаржы корпорациясы – IFC, Инвестицияларға кепілдік беру жөніндегі көпжақты агенттік – MIGA), сондай-ақ АҚШ Халықаралық даму қаржы корпорациясының (DFC), халықаралық рейтингтік агенттіктердің, BlackRock, Societal Generale, Honeywell, Heeney Capital сияқты шетелдік қаржы, өнеркәсіп және инвестициялық ұйымдардың басшыларымен кездесулер өтті. Сонымен қатар қазақстандық-америкалық іскерлік дөңгелек үстел барысында Холдингтің инвестициялық мүмкіндіктері таныстырылды.
Кездесулер барысында халықаралық институттардың «Энергетика және коммуналдық секторды жаңғырту» (ЭКСЖ) ұлттық жобасын іске асыруға қатысуы, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік (МЖӘ) тетіктерін дамыту және орнықты әрі «жасыл» жобаларға инвестиция тарту мәселелері талқыланды.
Ерсайын Хамитов сондай-ақ IFC мен Дүниежүзілік банк ұйымдастырған жоғары деңгейдегі МЖӘ тақырыбындағы воркшопқа қатысып, инвестициялық жобаларды құрылымдаудың озық халықаралық тәжірибелерін және олардың Қазақстанда қолдану мүмкіндіктерін талқылады.
DFC өкілдерімен өткен кездесу барысында тараптар энергетика және инфрақұрылым салаларындағы бірлескен инвестициялық бастамаларды жүзеге асырудың келешегін қарастырды.
Сондай-ақ Дүниежүзілік банк тобымен ынтымақтастық мәселелеріне ерекше назар аударылып, ұлттық инфрақұрылымдық бағдарламаларды қаржыландыру кезінде Program for Results (PforR) тетігін пайдалану перспективалары талқыланды.
«Бәйтерек» холдингі орнықты даму саласында жұмыс істейтін халықаралық қаржы институттарымен және серіктестерімен өзара іс-қимылды белсенді түрде жалғастыруда. Дүниежүзілік банк, IFC, MIGA және DFC өкілдерімен өткен кездесулер барысында инфрақұрылымдық, энергетикалық және инновациялық жобалар бойынша ынтымақтастықтың нақты бағыттары талқыланды. Мұндай кездесулер Қазақстанға ұзақ мерзімді инвестицияларды тартуға және экономиканы дамытуда озық тәсілдерді енгізуге мүмкіндік береді», – деді «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Ерсайын Хамитов.
Іскерлік бағдарлама шеңберінде қазақстандық делегация Вашингтон қаласындағы Honeywell компаниясының инновациялық орталығында болып, энергия тиімділігі мен инфрақұрылымды басқарудың «ақылды» жүйелеріне арналған заманауи технологиялық шешімдермен танысты.
Сапардың қорытынды кезеңінде делегация Нью-Йорк қор биржасының (NYSE) кеңсесіне барып, Қазақстанның капитал нарығын дамыту және инвестициялық тартымдылығын арттыру құралдары бойынша пікір алмасты.
Сапар қорытындысы бойынша халықаралық серіктестермен «жасыл» қаржыландыру, инфрақұрылым, энергия тиімділігі және цифрландыру бағыттары бойынша бірлескен жұмысты жалғастыру жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді.
Бұл сапар «Бәйтерек» холдингінің жаһандық қаржы және технологиялық ұйымдармен стратегиялық әріптестігін нығайту жолындағы маңызды қадам болып, Қазақстанның ұлттық жобалары мен орнықты даму бағдарламаларын іске асыру тиімділігін арттыруға ықпал етеді.