19.12.2024
- Холдинг туралы
«Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ өзінің еншілес ұйымы «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ (ҚДБ) арқылы ауылдарды жоғары жылдамдықты Интернетке қосуға қатысады.
«Қазақтелеком» АҚ мен ҚДБ арасындағы инвестициялық жоба бойынша несиелік желіні ашу туралы келісімге қол қою рәсіміне компания басшылары – «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ Айдар Әріпханов, «Қазақтелеком» АҚ Қуанышбек Есекеев, «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ Абай Сарқұлов және QazTech Ventures АҚ Жандос Шаймарданов қатысты.
Жоба мемлекеттік органдар мен бюджеттік мекемелер, жеке ұйымдар мен тұрғындар үшін 500-ден астам халқы бар ауылдарда оптикалық талшықты желіні пайдалана отырып кеңжолақты Интернетке қосу қызметін ұйымдастыруды көздейді. Жоғары жылдамдықты Интернет еліміздің барлық облыстарында 828 ауылдық елді мекенге дейін жетеді деп күтілуде. Ауылдардағы байланыс арнасының жалпы өткізу қабілеті 50 Мбит/с кем болмайды.
- Біз 500-ден астам халқы бар ауылдарды жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету сияқты маңызды жобаға қатысатынымызға қуаныштымыз. Онда мектептер, медициналық мекемелер, мемлекеттік органдар, бизнес нысандар жұмыс істейді, жылдам Интернет өмірді едәуір жеңілдетеді. Мысалы, оның көмегімен түрлі анықтамалар, дәрігерлердің кеңестерін алуға, онлайн-білімге, оқу материалдарына қол жеткізуге, қажетті тауарларға тапсырыс беруге және т.б. болады, - деп атап өтті Айдар Әріпханов.
Жоба Қазақтелекоммен және құрамында «Транстелеком» АҚ және «SilkNetCom» ЖШС бар консорциуммен бірлесіп, мемлекеттік-жеке меншік әріптестік форматы бойынша жүзеге асырылады. МЖӘ нысандары мемлекеттік меншікке берілмейді, жоба аясында нысандардың меншік иесі жеке серіктес болып табылады. «Бәйтерек» холдингінің еншілес компаниясы – «QazТech Ventures» АҚ сыртқы техникалық сарапшы және жоба бойынша қаржы-техникалық бақылаушы рөлінде ҚДБ-дағы қаржыландыруды ұйымдастыру бойынша Қазақтелекомның серіктесі болды.
– Ауылдық елді мекендерді цифрландыру бойынша Елбасы қойған міндеттің стратегиялық маңызы зор. Оның орындалуы цифрлық теңсіздікті, ауыл мен қала арасындағы ақпаратқа қол жеткізуді теңестіреді. «Қазақтелеком» компаниясы үшін «Бәйтерек» холдингін, атап айтқанда ҚДБ арқылы қолдау –үлкен стратегиялық қадам, себебі даму институттарының миссиясы – елге жаңашылдық енгізу және жүйелі әлеуметтік міндеттерді шешу. Мен осы жобаға ерекше назар аударғаны үшін Айдар Әбдіразақұлы сізге алғыс айтқым келеді. Менің ойымша, бұл жоба ел нарығының дамуына әсер етіп, ауылдық аймақтардың дамуына жаңа серпін береді, - деп атап өтті Қуанышбек Есекеев.
Жобаның құны 57,7 млрд теңгені құрайды, оның 26,6 млрд теңгесі Қазақстанның Даму Банкі берген қарыз болып табылады.
- Ауылда сапалы Интернет-байланыстың болуы мемлекеттік мекемелердегі жұмыстардың жылдамдығы мен сапасын жақсартуға, сондай-ақ электрондық түрде алынған мемлекеттік қызметтердің үлесін 2022 жылға қарай мемлекеттік қызметтердің жалпы көлемінен 80%-ға дейін арттыруға мүмкіндік береді. Жалпы, интернет желісін пайдаланушылардың үлесін 2022 жылға қарай 82% - ға дейін ұлғайту күтілуде, - деп толықтырды өз кезегінде Абай Сарқұлов.
Естеріңізге сала кетейік, бұл жобаны жүзеге асыру Бірінші Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында өтуде. Бұл бағдарлама сандық технологияларды пайдалану есебінен экономиканың даму қарқынын жеделдетуге және халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған.