30.09.2025
- Холдинг туралы
- Тұрақты даму
Кеңес ал!
2025 жылғы 24 қыркүйекте «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ 5 жыл мерзімге 500 млн АҚШ доллары көлемінде еурооблигациялар шығарылымын сәтті орналастырды. Табыс мөлшерлемесі 4,85%, купондық мөлшерлеме – 4,65% болды.
Жаңа шығарылым 22 қыркүйекте жарияланып, одан кейін АҚШ, Ұлыбритания, Еуропа және Азия инвесторлары арасында ауқымды маркетингтік кампания жүргізілді. Екі күн ішінде Холдингтің өкілдері шамамен 40 кездесу өткізді. Көптеген инвесторлар биылғы мамыр айында өткен дебюттік еурооблигациялар орналастыру арқылы Холдингпен таныс болған еді.
24 қыркүйекте өтінімдер кітабы ашылып, облигацияларға сұраныс орналастыру көлемінен төрт еседен артық болды. Нәтижесінде табыс мөлшерлемесі 4,85% деңгейінде бекітілді. Аймақтар бойынша аллокация мынадай үлесті құрады: 38% – АҚШ, 28% – континенталдық Еуропа, 26% – Ұлыбритания, 7% – Қазақстан, 1% – Таяу Шығыс және Азия.
Шығарылымды J.P. Morgan, Societe Generale, Alatau City Invest, Halyk Finance және Teniz Capital Investment Banking ұйымдастырды. Холдингтің еурооблигациялары Вена қор биржасының (Wiener Börse AG) және «Қазақстан қор биржасы» АҚ (KASE) тізіміне енгізілді.
Еврооблигацияларды орналастыру Холдинг үшін халықаралық капитал нарықтарындағы позицияларды нығайтуға және стратегиялық маңызды жобаларды іске асыруға инвестициялық ресурстарды кеңейтуге бағытталған маңызды қадам болды. Қарыз алу мөлшерлемесі рекордтық төмен деңгейде бекітілді: АҚШ мемлекеттік облигацияларына спрэді +114 б.п., Қазақстанның егеменді еурооблигацияларына спрэді +35 б.п. Жаңа шығарылым Холдингтің де, жалпы Қазақстан Республикасының экономикасының да орнықты дамуына елеулі үлес қосып, халықаралық инвесторлардың сенімін және «Бәйтерек» холдингі дамудың жүйелік институты әрі сенімді қарыз алушы ретіндегі мәртебесін тағы да растады.