19.12.2024
- Холдинг туралы
«Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ-ның Басқарма төрағасы Қанат Шарлапаев еншілес компания – «KazakhExport» экспорттық сақтандыру компаниясы» АҚ-да кеңес өткізді. Іс-шараға «KazakhExport» топ-менеджменті және құрылымдық бөлімшелерінің басшылары қатысты.
«KazakhExport» Басқарма төрағасы Аслан Қалиғазин 2022 жылғы жұмыс нәтижелері және осы жылдың жоспары туралы баяндады. Өткен жылы «KazakhExport»қабылданған міндеттемелер көлемі бойынша жоспарды 103,6%-ға орындап, көрсеткішті 259,1 млрд теңгеге жеткізгенін атап өтті. 2021 және 2020 жылдары қолдау көлемі тиісінше 204,7 млрд теңгені және 134 млрд теңгені құрады. Сонымен қатар, 2022 жылы отандық экспорттаушыларды қолдау үшін «KazakhExport» сақтандыру өтемімен қаржы институттарынан 166,2 млрд теңге қосымша қаражат тартылды.
«2022 жылы 80 экспорттаушы «KazakhExport» қолдауына ие болды, олар қазақстандық өнімді алатын 526 шетелдік сатып алушымен сауда қатынастарын жолға қойған. Қолдау тапқан кәсіпорындар экспорттайтын негізгі бағыттар – Өзбекстан, Ресей, Ауғанстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Қытай, Түрікменстан, Әзірбайжан, Литва, Украина, Беларусь, Италия және Түркия сияқты елдер болды», - деп атап өтті Аслан Қалиғазин.
Баяндамасының соңында Қоғам басшысы биыл «KazakhExport» қазақстандық өнімдер мен қызметтердің экспортын қолдауды, сондай-ақ экспорттық-кредиттік агенттік ретінде KazakhExport қызметін реттейтін заң жобаларымен жұмысты жалғастыратынын айтты. Атап айтқанда, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экспорттық-кредиттік агенттік және шикізаттық емес тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) экспортын ілгерілету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң қабылдау бойынша жұмыс.
Қанат Шарлапаев кеңесті қорытындылай келе, «KazakhExport» нәтижелерін жоғары бағалап, экспортты қолдау және ілгерілету жұмысын жалғастыруды тапсырды.
Естеріңізге сала кетейік, 2016 жылдан бастап «KazakhExport» компаниясы қаржы институттарынан отандық экспортты дамытуға 506,2 млрд теңге қосымша қаражат тартқан болатын. 2016 жылдан бергі қолдау көлемі 845,3 млрд теңгені құрады, 196 экспорттаушыға қолдау көрсетілді.
Анықтама:
«KazakhExport» ЭСК» АҚ – «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ-ның еншілес компаниясы және Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің ведомстволық бағынысты ұйымы. Компанияның негізгі міндеті – түрлі қаржы құралдары арқылы отандық шикізаттық емес экспорттаушыларды қолдау.