19.12.2024
- Холдинг туралы
«Бәйтерек» ҰБХ» АҚ Басқарма төрағасы Қанат Шарлапаев ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов бастаған делегация құрамында Маңғыстау облысындағы бірқатар нысандарды аралады.
Делегация «ҚазАзот» АҚ зауытының қызметімен танысты. Холдингтің еншілес ұйымы «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ ұсынған кредиттік желі көмегімен жобаның дайын өнім шығару бойынша қуатын ұлғайта отырып, минералдық тыңайтқыштар өндіру зауытын жаңғыртатын үлкен инвестициялық жоба іске асырылды.
Бұдан басқа, ҚДБ кейіннен өнімді экспорттай отырып, азот тыңайтқыштарын өндіруге арналған шикізатты, материалдарды және шығыстарды төлеу шығындарын қаржыландырды.
Нұр-Сұлтаннан келген делегация барған тағы бір ірі нысан – Ақтау халықаралық теңіз сауда порты. Бұған дейін ҚДБ Ақтау портын солтүстік бағытта кеңейту жобасына қатысқан. Банктің кредит қаражаты есебінен кеменің кіруі үшін порт акваториясын құрайтын «мол» мен «толқынтосқы» гидротехникалық құрылыстары салынды.
Бүгінде, порт Қазақстан, Қытай, Оңтүстік-Шығыс және Орталық Азия, Түркия және Оңтүстік Еуропа елдері арасындағы жүк тасымалын қамтамасыз етуге бағытталған Транскаспий халықаралық көлік бағдарының тең құқықты қатысушысы болып табылады.
Айта кетейік, аталған жобалар ҚР Мемлекеттік индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының қолдау құралдары аясында жүзеге асырылды.
Сонымен қатар, делегация Маңғыстау облысының бірқатар туристік инфрақұрылым нысандарын аралап, туристік әлеуетін жоғары бағалады. Каспий маңы өңірінде туризмді дамыту жөніндегі жұмыс бұдан әрі де жалғасатын болады.
Жалпы, Маңғыстау облысында Холдинг қолдау көрсеткен жобалар шеңберінде 1 358 жұмыс орны құрылды, 2021 жылы бюджетке 8 981 млн теңге салық түсті.
Сапар қорытындысы бойынша «Бәйтерек» холдингінің басшысы ҚР Премьер-Министрінің төрағалығымен өткен Маңғыстау облысының әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөніндегі кеңеске қатысты.