06.11.2026
- Холдинг туралы
- Тұрақты даму
Кеңес ал!
Мемлекет басшысының
«Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» Жолдауын іске асырудағы
«Бәйтерек» холдингінің рөлі туралы талдамалық материалдар топтамасы
Жолдау - 2026: Капитал тартудан өндірістерді іске қосуға дейін
Қазақстанға капитал тарту, жобаларды дайындау және өндірістерді іске қосу өзара сабақтасатын, үйлесімді инвестиция тарту жүйесі қажет. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында инвестициялық саясатты үйлестіруді күшейту қажеттігін атап өтіп, осы саладағы бірқатар мәселені «Бәйтерек» холдингінің құзыретіне беру туралы пікір білдірді. Бұл ұстаным Холдингтің инвестициялық трансформациясының және жаңа өндірістер құруға қатысуының маңызын арттыра түседі.
Мемлекет басшысы инвесторлармен жұмыс барысында жекелеген ведомстволардың іс-қимылында үйлесім жоқтығына, өкілеттіктердің қайталануына және ұзақ мерзімді жоспарлаудың жеткіліксіздігіне назар аударды. Президент бұл мәселелерді шешуді инвестициялық саясатты басқарудың бірыңғай орталығын қалыптастырумен байланыстырды.
«Инвестициялық саясатқа қатысты мәселелер кешенін «Бәйтерек» холдингіне беру ең тиімді шешім болуы мүмкін», – деп атап өтті Президент.
Бұл ретте өкілеттіктердің бір бөлігі экономика және сыртқы істер министрліктерінде сақталады. Осылайша, аталған ұстаным әрбір қатысушының міндеттері айқындалған және инвесторлармен бірізді жұмыс жүргізілетін үйлесімді жүйе құруды көздейді.
Жолдауда айтылған міндеттерді іске асыру аясында Премьер-Министр бейінді министрліктерге «Бәйтерек» холдингімен бірлесіп, инвестициялық процестерді басқарудың тұтас жүйесін қалыптастыру жөнінде ұсыныстар әзірлеуді тапсырды. Шешім қабылдауға жауапты орталықты айқындау, функциялардың аражігін ажырату және инвесторлармен жұмысты орталықтандырылған түрде үйлестіру қажет.
Мұндай жүйенің бизнес үшін практикалық маңызы өзара іс-қимыл тәртібінің түсінікті болуында. Инвестор жобаға қатысу шарттарын, қолжетімді қаржыландыру құралдарын, жобаны іске асыру талаптарын және туындайтын мәселелерді шешуге жауапты тараптарды алдын ала білуі керек. Бұл жұмыстың үйлесімділігі келіссөздерден құрылысқа және өнім шығаруға көшу мерзіміне әсер етеді.
Осы тұрғыдан алғанда, «Бәйтерек» холдингінің ұлттық инвестициялық холдингке айналуы ерекше мәнге ие. Ірі жобаларды қалыптастыруға, серіктестер тартуға және оларды іске асыру үшін ресурстарды біріктіруге қатысу арқылы Холдингтің рөлі кеңейіп келеді.
2033 жылға дейінгі жаңартылған Даму жоспары Холдингтің стратегиялық инвестор және ірі жобаларды ұйымдастырушы ретіндегі рөлін күшейтуді көздейді. Бұл модельдің өзегінде экономиканың шикізаттық емес секторын әртараптандыру, бизнесті дамыту және капиталдың қосымша көздерін тарту міндеттері тұр. Даму институттарының қаржы құралдары өзара үйлесіп, жобаларды әр кезеңде сүйемелдеуді қамтамасыз етуге тиіс.
Іс жүзінде бұл Холдингтің инвестициялық процеске ертерек қосылуын білдіреді. Жұмыс экономиканың қажеттіліктерін анықтаудан басталады. Қазақстанда қандай өнім өндірген тиімді? Қай салаларда терең өңдеуге мүмкіндік бар? Қандай кәсіпорындар импортты алмастыра алады немесе экспортқа шыға алады? Осы сұрақтардың жауабы инвесторға нақты ұсыныс әзірлеуге мүмкіндік береді.
Холдингтің бұрыннан жұмыс істеп келген департаменттері негізінде салалық инвестициялық дирекциялар құрылды. Олар идеяларды іріктеуге, инвестициялық ұсыныстарды әзірлеуге және қаржыландыру құрылымын айқындауға қатысады. Халықаралық бағыттағы жұмыс шетелдік компанияларды, банктер мен инвестициялық қорларды тартуға көмектеседі.
Мұндай тәсіл серіктестерді нақты қажеттілікке қарай таңдауға мүмкіндік береді. Бір кәсіпорынға технологиялар мен өндірістік тәжірибе қажет. Екіншісіне капиталына қатысуға дайын инвестор керек. Үшіншісіне ұзақ мерзімді кредит немесе бірнеше қаржы құралын қатар пайдалану қажет. Осы қажеттіліктерді пысықтау келіссөздерді нақты мәселелер төңірегінде жүргізуге және әр тараптың қатысу шарттарын айқындауға көмектеседі. Бұл ретте капитал тарту болашақ өндірістің сапасымен тығыз байланысты.
«Экономиканың дамуына тың серпін беру үшін озық технологиялары, қажетті сарапшылық тәжірибесі және жаһандық нарықтарға шығуға мол мүмкіндігі бар әлемдегі және еліміздегі жетекші компанияларды тарту керек», – деп атап өтті Мемлекет басшысы.
Сондықтан жобаны дайындау кезінде кәсіпорынның қандай құзыреттерді меңгеретінін, оның өніміне сұраныстың қаншалықты болатынын және іске қосылғаннан кейін тұрақты жұмыс істей алатынын ескеру маңызды.
Холдингтің трансформациясы аясында үлестік қаржыландыру тетіктері кеңейтіліп, еншілес ұйымдардағы бірін-бірі қайталайтын қолдау құралдары алынып тасталды. Бұл бірін-бірі толықтыратын құралдар арқылы бизнесті қолдаудың біртұтас жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Кредиттеу, үлестік қаржыландыру және лизинг кәсіпорынның әртүрлі міндеттерін шешеді. Ал оларды ұштастыру бизнесті дамытуға салынған қаражатты жабдық сатып алумен және өндірістік қуаттарды құрумен байланыстыруға көмектеседі.
Осындай бірлескен жұмыстың бір мысалы – 21 қазанда Қарағанды облысында ашылған Silumin of Qazaqstan зауыты. Кәсіпорын Norq брендімен алюминий және биметалл жылыту радиаторларын шығарады.
Qazaqstan Investment Corporation жобаға үлестік қаржыландыру арқылы қатысты, ал Өнеркәсіпті дамыту қоры жабдықты лизингке сатып алуға қолдау көрсетті. Инвестицияның жалпы көлемі 23,4 млрд теңгеден асты. Оның ішінде Qazaqstan Investment Corporation 5 млрд теңге бөлді.
Зауыттың бірінші кезегі іске асырылып, 200 жұмыс орны ашылды. Жобалық қуаты жылына 5 млн радиатор секциясын құрайды. Бір алаңда алюминий шикізатын өңдеуден бастап дайын өнім шығаруға дейінгі толық өндірістік цикл ұйымдастырылған. Кәсіпорын Швейцария, Италия және Түркиядан жеткізілген жабдықтармен жарақтандырылған.
Бұл жобада қаржы құралдарын ұштастыру кәсіпорынды капиталмен және заманауи жабдықпен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Өңір үшін оның нәтижесі жаңа өндірістің, жұмыс орындарының және шикізатты ел ішінде өңдеу мүмкіндіктерінің пайда болуынан көрінеді.
Батыс Қазақстан облысындағы Qazaq Kalium жобасы инвестициялық процестің өзге кезеңін көрсетеді. Жоба жылына 1,5 млн тонна калий тыңайтқышын өндіретін кешен құруды көздейді.
Қыркүйекте Қазақстанның Даму Банкі, Qazaq Kalium және Thyssen Schachtbau мен «Шахтбау Казахстан» компанияларының консорциумы Сәтімола кен орнындағы шахта кешенін жобалау, жабдық жеткізу және салу жөніндегі келісімшартты қаржыландыруды бастау туралы келісім жасасты. Келісімшарттың құны 418,2 млн еуроны құрайды.
Шахталар мен жерасты құрылыстарын салуға маманданған германиялық Thyssen Schachtbau компаниясының қатысуы жобаға қажетті инженерлік тәжірибені тартуға мүмкіндік береді. Бұл кезеңде қаржыландыру, жобалау және құрылыс жұмыстарының үйлесімділігі шешуші мәнге ие. Көрсетілген қуат болашақ өндіріске қатысты және оған жобаны одан әрі іске асыру нәтижесінде қол жеткізіледі.
Бұл мысалдар инвестициялық жұмыстың әр кезеңінде қандай міндеттер шешілетінін көрсетеді. Бір жағдайда қолдау құралдарын біріктіру кәсіпорынды ашуға мүмкіндік берді. Екінші жағдайда ірі өндірістік кешен құруға қажетті жағдайлар жасалып жатыр.
Жолдауда айтылған «Бәйтерек» холдингінің рөлін күшейту міндеті осы жұмысты жүйелі жүргізу қажеттігімен тікелей байланысты. Инвестициялық трансформация Холдингтің келешегі бар өндірісті айқындау мен серіктестер тартудан бастап қаржыландыруға және жобаның іске асырылуын сүйемелдеуге дейінгі барлық кезеңде шешім қабылдауға қатысуына негіз қалайды.
«Инвестициялардың тиімділігін пайдалануға берілген өндірістік қуаттардың саны мен сапасына, сондай-ақ олардың экономикаға қосқан нақты үлесіне қарай бағалау керек», – деді Президент.
Сондықтан нақты шығарылған өнім көлемі, кәсіпорындардың өндірістік қуаттарының пайдаланылуы, технологияларды игеру, өнімді тұрақты өткізу және ашылған жұмыс орындары маңызды. Осындай нәтижелер арқылы инвестиция тарту Қазақстанның ұзақ мерзімді дамуының бір бөлігіне айналады.