10.10.2024
- Холдинг туралы
Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың қатысуымен Палата жанындағы Жас сарапшылар клубының кезекті отырысы өтті. Іс-шараға қатысушылар ел экономикасын одан әрі дамыту үшін Президентіміз белгілеп берген міндеттерден туындайтын мәселелерді талқылады.
Кездесуге «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінің басқарма төрағасы Қанат Шарлапаев арнайы шақырылды. Ол Мемлекет басшысы берген тапсырмалардың Холдингте іске асырылуы жөнінде айтты. Сондай-ақ «Бәйтеректің» қызметіне және жаңа экономикалық жағдайдағы жұмыс стратегиясына қатысты алдағы өзгерістерге тоқталды.
Отырысты ашқан Мәулен Әшімбаев ел Президентінің Холдингтің кейбір еншілес ұйымдарын реформалау жөніндегі тапсырмаларына назар аударды.
Сонымен қатар Сенат Төрағасы қазіргі таңда Холдинг экономиканың шикізаттық емес секторларын әртараптандыру және дамыту, кәсіпкерлікті және өңдеу өнеркәсібі өнімдерінің экспортын қолдау, агроөнеркәсіптік кешенді өркендету және халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету сияқты экономикалық саясаттың бағыттары бойынша белсенді жұмыс істеп келе жатқанын атап өтті.
«Өңдеу өнеркәсібінің дамуын тежеп отырған бірқатар проблема бар. Олар – қолжетімді банктік несиелеудің болмауы, жеке инвесторлар үшін жоғары валюталық тәуекелдер және өндірістік қуаттың әбден тозуы. Сондай-ақ білікті кадрлар да тапшы. Ішкі нарықты қорғау үшін техникалық және тарифтік емес реттеу аясында жүйелі жұмыс жоқ. Қолжетімді қаржының жеткіліксіздігі индустрияландыруды іске асыруға және бизнесті дамытуға негізгі кедергі болып қалып отыр. «Бәйтерек» холдингінің құрамындағы даму институттары осы міндеттерді шешуі қажет», – деді Мәулен Әшімбаев.
Отырыс барысында Клуб мүшелері де сөз алып, Холдинг құрамындағы институттардың қызметін жетілдіру бойынша өз ойларымен және бастамаларымен бөлісті. Нақты айтқанда, сарапшылар «Бәйтерек» холдингінің корпоративті орталығының рөліне, Қазақстандағы өңдеу өнеркәсібін мемлекеттік қолдауға, тұрғын үй саясатына, шағын және орта бизнесті мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігі мен қолжетімділігіне және тағы басқа мәселелерге тоқталды.