19.11.2024
- Холдинг туралы
Кремний алқабының тарихында алғаш рет, Yerba Buena Arts орталығында Орталық Еуразия мен Кремний алқабы арасындағы ынтымақтастықты кеңейту мақсатында индустрия көшбасшыларын, инвесторлар мен кәсіпкерлерді біріктірген «Central Eurasia@Silicon Valley» технологиялық конференциясы өтті.
Қазақстанның Сан-Францискодағы Бас консулдығының қолдауымен Silk Road Innovation Hub ұйымдастырған іс-шара өңірдің әлемдік технологиялық қоғамдастықтағы рөлін көрсетті.
«Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Үсен Ғалым «AI – дамушы нарықтардағы экономикалық өсудің катализаторы» тақырыбына арналған панельдік пікірталасқа қатысты. Пікірталас Түркия, Өзбекстан, Қазақстан және АҚШ-тың жетекші сарапшыларын жинады, олар дамушы елдердің экономикасын трансформациялаудағы және тұрақты дамуды қолдаудағы жасанды интеллекттің рөлін талқылады. Қатысушылар жасанды интеллекттің өнімділікті арттыруға қосқан үлесін және жаһандық технологиялық ынтымақтастық үшін жаңа мүмкіндіктерді атап өтті.
Үсен Ғалым өз сөзінде кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдаудың қолжетімділігін арттыру және Қазақстанда венчурлік капиталды дамытуға ықпал ету үшін «Бәйтерек» холдингі жасанды интеллектті пайдалануды қолдайтынын айтты.
«Мұндай бастамалар өңірлік стартап-экожүйені қалыптастыру үшін ғана емес, сонымен қатар әлемдік нарық үшін Орталық Еуразияның әлеуетін аша отырып, халықаралық инвесторларды тарту үшін де маңызды», - деп атап өтті ол.
Бір кездері Стив Джобс Apple компаниясының жаңа өнімдерін таныстырған әйгілі Yerba Buena Center for the Arts орталығындағы конференция 1300-ден астам қатысушыны, оның ішінде 100-ден астам стартаптар мен 130 инвесторларды біріктірді. Бағдарламада пленарлық сессиялар, стартаптар көрмесі, «Unicorn Cup» байқауы және IT-сектордың, ЖИ және венчурлық қаржыландырудың негізгі тақырыптары бойынша стратегиялық ойталқылар болды.