19.12.2024
- Холдинг туралы
ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Қостанай облысына жұмыс сапары шеңберінде «Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымдары қолдау көрсеткен бірқатар инвестициялық жобаларды аралады.
Сапар барысында Үкімет басшысы «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ және «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ қаржыландырған Қостанай қаласының индустриялық аймағындағы жобалардың іске асырылу барысымен танысты. Бұл - қуаттылығы жылына 70 мың машинаға дейінгі Kia автомобиль зауытының құрылысы, сондай-ақ «KamLitKZ» ЖШС-нің екі жобасы - темір құю зауыты және жүк техникасына арналған жетекші белдіктердің басты берілістерін шығаратын зауыт. Жалпы зауыттарда екі мыңнан астам тұрақты жұмыс орны ашылатын болады.
«Жаңа өндірістерді іске қосу автомобиль өндірісіндегі өндіріс көлемін бірнеше есе арттыруға мүмкіндік береді. Ол қазірдің өзінде біздің экономикамыздың стратегиялық маңызды бағытына айналуда. Біз оның қарқынды дамып, ел экономикасының орнықты болуына одан әрі ықпал ететін боламыз», - деп атап өтті Премьер-Министр.
Сонымен қатар, делегация JAC, Ankai, Yutong, Peugeot, Hyundai, Ravon, Niva Chevrolet, UAZ, MAN брендтерімен ұсынылған өнімдер шығаратын «СарыарқаАвтоПром» ЖШС зауытында болды.
- Қостанай облысы еліміздің машина жасау саласының көшбасшысы болып табылады. Біз жұмыс істеп тұрған өндірістер жұмысының нәтижелерін және осы өңірдегі жаңа жобалардың орасан зор әлеуетін көріп отырмыз және өңдеу өнеркәсібін дамытуға ықпал ететін бастамаларға қолдау көрсетуді жалғастырамыз, - деп атап өтті «Бәйтерек» холдингінің басшысы Нұрлан Байбазаров.
Сапар барысында сонымен қатар ауыл шаруашылығы техникасын, оның ішінде астық жинайтын комбайндарды, тракторлар мен сепкіштерді құрастырумен, сондай-ақ компоненттер мен қосалқы бөлшектер өндірумен айналысатын «Агромашхолдинг KZ» АҚ локализациялық орталығына да барды.
Зауыттарда шығарылатын автомобильдер мен техника, ең алдымен, ішкі сұранысты қамтамасыз етуге, сондай-ақ сыртқы нарықтарға экспорттауға арналған. Шетелдік импорттаушылармен жұмыс істеу кезінде өндірушілерге Холдингтің тағы бір еншілес компаниясы - «KazakhExport» АҚ қосымша қолдау көрсетеді.