19.12.2024
- Холдинг туралы
Премьер-министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен ҚР Үкіметтік отырысында «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру барысы қарастырылды. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов пен «Бәйтерек» холдингінің Басқарма төрағасы Айдар Әріпханов баяндама жасады.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметінше, республика бойынша мемлекеттік бағдарлама аясында 2017 жылдан бастап 33,5 млн.шаршы метр жаңа тұрғын үй салынды. 300 мыңға жуық отбасы тұрғын үй жағдайын жақсартты. Тұрғын үй құрылысына барлығы 3,3 трлн теңгеден астам инвестиция салынды. 1 теңгеге салынған мемлекеттік қаражатқа 6 теңге жеке инвестициялар тартылды. Инвестициялар жыл сайын орта есеппен 18%-ға өсті. Тұрғын үйдің ең үлкен көлемі Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында, Маңғыстау және Ақтөбе облыстарында қолданысқа берілді.
Өз кезегінде, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ Басқарма төрағасы Айдар Әріпханов әкімдіктердің облигацияларын сатып алу тетігі арқылы несиелік тұрғын үй құрылысы 2017 жылдан бастап «револьверлік қағидат» бойынша жалпы сомасы 310,9 млрд.теңгеге облигациялар сатып алынғанын, оның ішінде ағымдағы жылдың 10 айында 102,9 млрд. теңгеге сатып алынғанын атап өтті.
Нұр-Сұлтан қаласындағы үлестік құрылыстың проблемалық объектілерін аяқтау үшін 2018 жылы 20 млрд.теңгеге немесе жоспардан 100% қорландыру қамтамасыз етілді, ағымдағы жылдың соңына дейін әкімдіктің өтінімі бойынша қосымша 20 млрд. теңге бағытталатын болады.
Тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі арқылы 2017 жылы – 2019 жылдың 10 айында халыққа жалпы сомасы 1 трлн. теңгеге 108,6 мың жеңілдікті қарыз берілді. оның ішінде «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде 145,3 млрд.теңгеге 19,1 мың қарыз берілді.
Ағымдағы жылдың шілде айынан бастап көп балалы және аз қамтылған отбасылар үшін жылдық 2% жеңілдікті ипотекалық кредит беру бағдарламасы іске асырылуда. Бүгінгі күні тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне 47 млрд.теңгеге 4 650 өтінім келіп түсті, оның ішінде 33 млрд. теңгеге 3 250 қарыз берілді. Ағымдағы жылдың соңына дейін жалпы сомасы 50 млрд. теңгеге 5 мың қарыз берілетін болады.
2020 жылдан бастап Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жыл сайынғы беру жоспары кемінде 10 мың қарызды құрауы тиіс.
Қазақстандық ипотекалық компания жалпы сомасы 36,2 млрд.теңгеге халыққа арналған коммерциялық ипотеканы субсидиялау өтінімдерін мақұлдады, бұл 3,5 мың қазақстандық үшін ай сайынғы ипотекалық төлемдерді 30%-ға арзандатуға мүмкіндік берді.
Жеке құрылыс салушылардың несиелерін субсидиялауды жүзеге асыру басталғаннан бері (2017 жылдың маусымынан бастап) Даму Қоры жалпы сомасы 99,8 млрд. теңге болатын жобаларға қол қойды. Құрылыс компаниялары үшін коммерциялық несиелердің құны орта есеппен 50%-ға арзандатылған.
Сонымен қатар, жеке құрылыс компаниялары салған тұрғын үйдің жартысы тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшыларына және «7-20-25» бағдарламасына қатысушыларға белгіленген бағамен сатылады.
«Үлестік құрылысқа кепілдік беру қоры 90,3 млрд.теңге жалпы жоспары бойынша 146,9 млрд. теңгеге жобаларды мақұлдады. Бұл халықтың коммерциялық нарықта 10,4 мың пәтер алуға салымдарын қорғауға мүмкіндік берді», – деді А. Әріпханов.