Кеңес ал!

20.01.2026

Мемлекеттік бастама — нарықтық серпін: ҚДБ мен Halyk Bank-тің бірлескен жұмысы

Мемлекеттік бастама — нарықтық серпін: ҚДБ мен Halyk Bank-тің бірлескен жұмысы

«Қазақстанның Даму Банкі» АҚ («Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы, бұдан әрі - ҚДБ, Банк) ірі индустриялық жобаларды қаржыландыруға жеке капиталды кеңінен тарту бағытын жүйелі түрде іске асырып келеді.

«KAZ Minerals Aktogay» ЖШС – ауқымды тау-кен байыту кешені әрі Орталық Азиядағы ең ірі ашық тәсілмен игерілетін мыс кеніштерінің бірі.

Абай облысында орналасқан кешен құрамына жылына 50 млн тонна кен өңдеуге қауқарлы екі сульфидті байыту фабрикасы, сондай-ақ тотыққан кеннен катодты мыс өндіретін зауыт кіреді. Бұл – кен өндіру мен байыту ісіндегі озық технологияларды, соның ішінде кен-байыту комбинатын басқарудың автоматтандырылған жүйелерін қолданатын, шығын құрылымы тиімді, заманауи өндіріс.

Бұл жобаның тарихы ҚДБ-ның бүгінгі таңда капиталды көп қажет ететін индустриялық бастамаларды қаржыландырудың жаңа моделін қалай қалыптастырып отырғанын айқын көрсетеді: мұнда мемлекеттік даму институттары мен екінші деңгейлі банктер бәсекелеспей, керісінше бір-бірін толықтыра отырып, бірізді жұмыс істейді.

ҚДБ Ақтоғай тау-кен байыту комбинатын 2016 жылы құрылыс пен іске қосу кезеңіндегі ең күрделі әрі тәуекелі жоғары сәтте қаржыландыруды бастаған. Бүгінде бұл – Банктің портфеліндегі ең ірі инвестициялық жобалардың бірі.

Екінші кезекті салу аясында Банктің қолдауымен жаңа байыту фабрикасы бой көтерді. Соның нәтижесінде сульфидті кен өңдеу қуаты 25 млн тоннадан 50 млн тоннаға дейін ұлғайып, 2100-ден астам тұрақты жұмыс орны ашылды.

Қазір Ақтоғай тау-кен байыту комбинаты операциялық та, қаржылық та тұрақты көрсеткіштерге ие. Қаржыландырудың бірінші лимиті белгіленген мерзімде толық өтелді. Жобаның бірінші кезегі жоспарлы өтелім деңгейіне шықты.

Ал ерекше назар аударарлық қадам – ҚДБ алдындағы екінші лимит бойынша міндеттемелердің «Halyk Bank» АҚ қаражаты есебінен мерзімінен бұрын өтелуі. Мұнда толыққанды қайта қаржыландыру тетігі іске асты: Halyk Bank кәсіпорынның ҚДБ алдындағы қолданыстағы берешегін сатып алып, экономикалық тұрғыдан орныққан активтің әрі қарайғы қызметін өз мойнына алды. Яғни банк жобаға пайдалану кезеңінде, тәуекелдер барынша азайып, ақша ағындарының болжамдылығы ең жоғары деңгейге жеткен тұста қосылды.

Мұндай механизм Президенттің екінші деңгейлі банктердің бос өтімділігін экономиканың нақты секторына белсенді тарту жөніндегі тапсырмасымен де үндес. Іс жүзінде бұл – мемлекеттік даму институты бастапқы тәуекелді көтеріп, ал екінші деңгейлі банктер жоба жүзеге асып, орнықты кезеңге өткеннен кейін қаржыландыруға кіріседі деген сөз.

Ақтоғай тау-кен байыту комбинатының міндеттемелерін Halyk Bank-тің қайта қаржыландыруы жеке банктердің бос өтімділігін тиімді пайдаланып, ҚДБ ресурстарын «нөлден бастап» басталатын жаңа индустриялық бастамаларды қолдауға бағыттауға мүмкіндік береді. Бұл – экономикалық өсімді ынталандыру жөніндегі басты міндетімізді орындаудың нақты тетігі, – дейді «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ Басқарма төрағасы Марат Елібаев.

Мәміле нәтижесінде босайтын ҚДБ қаражаты бастапқы кезеңдегі капитал сыйымдылығы жоғары жаңа жобаларды қаржыландыруға жұмсалады. Осылайша инвестициялық айналым қалыптасады: ҚДБ жобаларға ерте кезеңде кіріп, оларды орнықты операциялық фазаға дейін жеткізеді, кейін жобаны екінші деңгейлі банктерге «тапсырып», өз кезегінде экономиканың жаңа бастамаларына қайта инвестиция құяды.

Дереккөз: «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ

Қосымша жаңалықтар

іс-шаралар
күнтізбесі

?

Іздегеніңізді
таппадыңыз ба?

  • Қазақстан Республикасы Президентінің ресми интернет-ресурсы
  • Қазақстан Республикасы Парламентінің ресми интернет-ресурсы
  • Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің ресми ақпараттық ресурсы
  • Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің ресми интернет-ресурсы
  • Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің ресми интернет-ресурсы
  • Қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейтуге бағытталған электронды ресурстар