Сұрақ-жауап
1408 Call-орталығы
А А Экран дикторы

10.03.2026 15:47:00

185 мың отбасы баспана жағдайын жақсартты: Олжас Бектенов құрылыс қарқынын сақтап, сапаны бақылауда ЖИ жобаларын жеделдетуді тапсырды

Кеңес ал!

10.03.2026

Институционалдық жаңғыру – инвестициялық өсудің берік негізі

Институционалдық жаңғыру – инвестициялық өсудің берік негізі

«Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектеновтің «Жасампаздыққа жетелеген жеті жыл» атты мақаласы еліміздің экономикалық дамуындағы маңызды кезеңдерді саралап, Мемлекет басшысы айқындаған стратегиялық бағыттың нәтижелерін жүйелі түрде талдайды.

Осы үдерістің қисынды жалғасы ретінде 2025 жылдың соңында «Бәйтерек» құрылымдық тұрғыдан жаңғыртылып, ұлттық инвестициялық холдингке айналды. Бұл өзгеріс мемлекеттік даму институттарының жұмысын жаңа деңгейге көтеріп, инвестициялық саясатты жүйелі түрде іске асыруға бағытталған маңызды қадам болды.

Инвестициялық саясаттың жаңа мазмұны

Премьер-министр мақаласында негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемінің едәуір артқаны атап өтіледі. Бұл – экономиканың даму қарқынын айқындайтын негізгі көрсеткіштердің бірі.

«Бәйтеректің» ұлттық инвестициялық холдинг ретінде қайта құрылуы инвестициялық саясаттың жаңа моделін қалыптастыруға мүмкіндік берді. Бұрын қолдау құралдары негізінен жекелеген жобаларға бағытталса, бүгінгі күні басты назар экономиканың негізгі салаларын қамтитын ірі инвестициялық жобаларды жүйелі түрде қалыптастыруға аударылып отыр.

Қазіргі уақытта өңірлер мен салалық министрліктердің қатысуымен жалпы құны 85 трлн теңгеден асатын 1,5 мыңнан астам жобадан тұратын ауқымды инвестициялық қоржын қалыптастырылды. Сонымен қатар 2026 жылға арналған жобалар портфелінде 3,4 трлн теңге көлеміндегі 449 жоба бар.

Ал нақты секторды қаржыландыру көлемі топты 1 трлн теңгеге капиталдандыру жағдайында 8 трлн теңгеге дейін жеткізіледі деп жоспарланып отыр.

Бұл көрсеткіштер инвестициялық саясаттың жаңа сапалық деңгейге көтерілгенін білдіреді. Яғни инвестициялар жекелеген өтінімдерге жауап ретінде емес, экономиканың ұзақ мерзімді дамуына бағытталған жүйелі саясаттың бір бөлігіне айналуда.

Шағын және орта бизнес – экономиканың тірегі

Мақалада шағын және орта бизнестің жалпы ішкі өнімдегі үлесінің 40 пайыздан асқаны ерекше атап өтіледі. Бұл – еліміздегі кәсіпкерлік сектордың нығайып, экономиканың құрылымдық тұрғыдан өзгеріп келе жатқанын көрсететін маңызды көрсеткіш.

Холдинг құрамындағы «Даму» қоры арқылы шағын және орта бизнесті қолдаудың нарықтық тетіктері кезең-кезеңімен жетілдіріліп келеді. 2025 жылы топ бойынша кәсіпкерлікті қолдау көлемі 2,2 трлн теңгеге жетті.

Ал 2026 жылы кепілдік беру және пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялау құралдары арқылы 3 трлн теңгеге дейін банктік қаржы тарту жоспарланып отыр.

Бұл бағытта іске қосылған екі кепілдік қоры (7 млрд теңгеге дейінгі және 7 млрд теңгеден жоғары жобалар үшін) кәсіпкерлердің кепілзат мәселесін шешуге мүмкіндік береді. Нәтижесінде кәсіпкерлікті қолдау жүйесі біртіндеп тікелей бюджеттік қаржыландырудан нарықтық механизмдерге көшу үстінде.

Агроөнеркәсіптік кешенді жаңғырту

Премьер-министр мақаласында азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі де кеңінен қозғалады. Бұл бағытта Холдинг тек қаржыландыру көлемін ұлғайтумен ғана шектелмей, саланы сапалық тұрғыдан жаңғыртуға ерекше көңіл бөліп келеді.

2025 жылы Холдинг желісі бойынша агроөнеркәсіптік кешенді қолдау көлемі 1 трлн теңгеден асты. Соның нәтижесінде 7,9 мың ауыл шаруашылығы өндірушісі мемлекеттік қолдау шараларына ие болды, ал 11,4 мың бірлік ауыл шаруашылығы техникасы лизинг арқылы шаруашылықтарға берілді.

Сонымен бірге саланың негізгі даму бағыты ретінде өңдеуді тереңдету, өндірісті жаңғырту және экспорттық әлеуетті арттыру мәселелеріне басымдық берілуде. Осылайша агроөнеркәсіптік кешен тек ауыл шаруашылығы саласы ғана емес, қосылған құны жоғары инвестициялық бағытқа айналып келеді.

Энергетика мен инфрақұрылымды жаңарту

Мақалада энергетикалық инфрақұрылымның тозуы және оны жүйелі түрде жаңғырту қажеттілігі де ерекше аталады. Бұл мәселе экономиканың тұрақты дамуы үшін аса маңызды.

Осы мақсатта «Бәйтерек» «Энергетика және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасының қаржылық операторы ретінде белгіленді.

Бұл бастама аясында жылу электр орталықтарын, жылу желілерін және коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту жобаларын құрылымдау және қаржыландыру жұмыстары жүзеге асырылып жатыр.

Инфрақұрылымдық шектеулер жойылмайынша, өнеркәсіптік өндірісті кеңейту де, елдің инвестициялық тартымдылығын арттыру да мүмкін емес. Сондықтан энергетикалық тұрақтылық – ұзақ мерзімді экономикалық өсудің маңызды алғышарты.

Цифрлық трансформация – жаңа мүмкіндіктер көзі

Премьер-министр мақаласында цифрландырудың тек қызметтерді автоматтандырумен шектелмейтіні атап көрсетілген. Мемлекет басшысының 2026 жылды цифрландыру мен жасанды интеллектті дамыту жылы деп жариялауы бұл бағыттың маңызын одан әрі арттырды.

Холдингте 2024-2026 жылдарға арналған цифрландыру стратегиясы кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді.

Бүгінде бизнеске қолдау көрсетудің BGOV бірыңғай порталы жұмыс істейді. Бұл платформа Холдингтің барлық қызметтеріне қол жеткізудің бірегей цифрлық алаңына айналуда.

Сонымен қатар клиенттер, жобалар және қаржыландыру туралы деректер біріктірілген талдамалық орталық іске қосылды. Бұл жүйе:

  • есептілікті автоматтандыруға;
  • деректерге негізделген талдау жүргізуге;
  • басқарушылық шешімдерді жедел қабылдауға мүмкіндік береді.

Жиналған деректер негізінде жасанды интеллект құралдары да енгізіліп жатыр. Мәселен, кәсіпкерлерге Холдинг тобының мемлекеттік қолдау шаралары бойынша кеңес беретін ЖИ чат-бот іске қосылды.

Осылайша цифрландыру инвестициялық жобаларды іріктеу сапасын арттыруға және басқару тиімділігін күшейтуге ықпал етуде.

Ортақ мақсат – орнықты даму

Премьер-министрдің мақаласы Қазақстан экономикасының дамуында жаңа кезең басталғанын көрсетеді. Бүгінгі таңда басты міндет – мемлекет саясаты, жеке сектордың бастамасы және қаржылық институттардың мүмкіндіктері өзара үйлесім тапқан тиімді экономикалық жүйе қалыптастыру.

Мемлекеттік стратегия мен жеке капиталдың мүмкіндіктері бір арнаға тоғысқан кезде ғана ұзақ мерзімді экономикалық өсімге қол жеткізуге болады.

Осындай үйлесімді даму үлгісі Қазақстанның экономикалық тәуелсіздігін нығайтып, елдің тұрақты өркендеуіне берік негіз қалайды.

Үсен Ғалым
«Бәйтерек» холдингінің басқарма төрағасының орынбасары

Қосымша жаңалықтар

іс-шаралар
күнтізбесі

?

Іздегеніңізді
таппадыңыз ба?

  • Қазақстан Республикасы Президентінің ресми интернет-ресурсы
  • Қазақстан Республикасы Парламентінің ресми интернет-ресурсы
  • Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің ресми ақпараттық ресурсы
  • Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің ресми интернет-ресурсы
  • Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің ресми интернет-ресурсы
  • Қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейтуге бағытталған электронды ресурстар