17.11.2026
- Холдинг туралы
- Тұрақты даму
Кеңес ал!
Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында «Бәйтерек» холдингінің Басқарма төрағасы Рустам Карагойшин өндірістік жобаларды қаржыландыру, қазақстандық кәсіпорындардан сатып алу және олардың өнімін өткізуге жәрдемдесу туралы баяндады.

2026 жылдың тоғыз айында Холдингтің даму институттары экономикаға 8,7 трлн теңге көлемінде қолдау көрсетіп, жылдық жоспардың 90%-ын орындады. Оның 6,5 трлн теңгесі кәсіпкерлікті қолдауға бағытталды. Ірі кәсіпорындар мен шағын және орта бизнес субъектілері қолдау алды. Қолдау көрсетілген жобалар қатарында жеңіл автомобиль, вагон, болат және құбыр өндірістері бар.

Рустам Карагойшин отандық кәсіпорындарды қолдауда сатып алудың рөлін атап өтті. Инвестициялық кезеңде жобаны қаржыландырумен қатар қазақстандық өндірушілерден сатып алу бойынша қарсы міндеттемелер қабылданады.

«Инвестициялық жобаларды қарау кезінде Холдинг компаниялары қандай тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді қазақстандық жеткізушілерден сатып алуға болатынын анықтайды. Бағалау қорытындысы бойынша сатып алу көлемі қарыз шарттарында бекітіледі. Холдинг талдау үшін сұраныс туралы деректерді Қазақстандық тауар өндірушілердің тізілімімен салыстыратын автоматтандырылған жүйені пайдаланады. Бұл тұрақты сұранысты ескере отырып, елде қандай өнім өндіруді қолға алу керегін анықтауға мүмкіндік береді. Талдау өңдеу өнеркәсібінің 22 саласындағы 861 өнім түрін қамтиды. Тоғыз айда жасалған сатып алу шарттары бойынша елішілік құндылық үлесі 71%-ды құрады», – деп атап өтті Холдинг басшысы.

«Инвестицияға тапсырыс беру» бастамасы аясында Холдинг жаңа өндірістер құру бойынша жалпы құны 7,6 трлн теңгені құрайтын 282 жобаның тізімін жасақтады. Оның ішінде жалпы құны 777 млрд теңге болатын 48 жобаны Холдингтің еншілес ұйымдары қаржыландырып жатыр. Бұл жобалар агроөнеркәсіп және тау-кен металлургия кешендерін, сондай-ақ машина жасау саласын қамтиды.

«Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы мен Қазақстанның Даму Банкі жалпы сомасы 244 млрд теңге болатын 144 жобаны қаржыландырды.

Отандық өнімді өткізуге жәрдемдесу үшін Холдинг лизинг пен экспортты қолдау құралдарын пайдаланады. «ҚазАгроҚаржы» ауыл шаруашылығы техникасының лизингіне бағыттаған 374 млрд теңгенің 330 млрд теңгесі қазақстандық өндірушілердің техникасына жұмсалды. Өнеркәсіпті дамыту қоры отандық өндірушілерден 416 млрд теңгеге вагон, автобус және арнайы техника сатып алды. Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі 86 экспорттаушыға 570 млрд теңге көлемінде қолдау көрсетті.
Холдинг өз клиенттерінің өнімін ішкі нарықта ілгерілету үшін тауарлар каталогын да жүргізеді. Каталогқа 526 қазақстандық өндірушінің 2 385 тауары енгізілген. Жыл соңына дейін тауар санын 3 500-ге жеткізу жоспарланып отыр. Каталог жаңа өндіріс орындарына Холдингтің қазіргі клиенттері арасынан сатып алушы табуға көмектеседі.