14.08.2025
- Холдинг туралы
Кеңес ал!
2025 жылдың 13 тамызында Үкіметтегі брифинг барысында «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары Нұрболат Айдапкелов холдингтің 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында агроөнеркәсіптік кешенді (АӨК) қолдау бойынша қандай шараларды жүзеге асырғаны туралы сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Zakon.kz тілшісі.
Журналистер 2025 жылға АӨК-ке жоспарланған жалпы қаржыландыру көлемін және қазіргі таңда фермерлер мен қайта өңдеушілерге арналған қандай бағдарламалар бар екенін нақтылады.
«Жалпы, АӨК бойынша біздің жоспар – 1 трлн теңге. 2024 жылы шамамен 823 млрд бөлдік, ал биыл 1 трлн теңге бөлуді жоспарлап отырмыз: 750 млрд – Аграрлық несие корпорациясы арқылы, 250 млрд – ауыл шаруашылығы техникасын лизингке беруге. Бүгінгі күні 676 млрд теңге қаржыландыруға бағытталды. Негізгі бағдарламалар – Кең Дала және Кең Дала 2. Олар көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын жүргізуге арналған. Сондай-ақ инвестициялық жобаларды қолдауға арналған Агробизнес бағдарламасы және ауыл шаруашылығында микрокредит беруді көздейтін бағдарлама бар», – деді Нұрболат Айдапкелов.
Ол ауыл шаруашылығы техникасын жылдық 5% мөлшерлемемен лизингке беру аясында отандық тауар өндірушілерге, соның ішінде қазақстандық өндірістегі техниканы сатып алу кезінде қолдау көрсетілетінін атап өтті. Кең Дала және Кең Дала 2 бағдарламалары да дәл осы мөлшерлемемен айналым қаражатын ұсынады.
«Өткен жылдан бастап тағы бір құрал енгізілді: кепілдік қамтамасыз етуі жеткіліксіз ауыл шаруашылығы өндірушілеріне “Даму” қоры арқылы 85% кепілдік беріледі. Сонымен қатар, өткен жылдың желтоқсанында алғаш рет ағымдағы жылдың көктемгі егіс жұмыстарына қаржыландыру басталды – бұл тетік биыл да жалғасады», – деп сендірді Нұрболат Айдапкелов.
Спикер қайта өңдеушілерге жылдық 5% мөлшерлемемен 44 млрд теңге көзделгенін және 1 тамыздан бастап мал шаруашылығын қолдауға 50 млрд теңгені игеру басталатынын айтты.
2025 жылдың 9 тамызында Қазақстанда азық-түлік өнімдерін өндіру 1,4 есеге артқаны белгілі болды.