06.12.2024
- Холдинг туралы
«Бәйтерек» ҰБХ» АҚ Басқарма төрағасы Айдар Әріпханов бұқаралық ақпарат құралдарына ҚР «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының Басқарма төрағасы Абылай Мырзахметовтың квазимемлекеттік сектор реформасы туралы мәлімдемесіне қатысты түсініктеме берді. Редакция түсіндірмені өзгеріссіз жариялап отыр.
Ең алдымен, «Бәйтерек» холдингі Үкіметтің кешегі отырысы барысында жарияланған Қазақстандағы төтенше жағдай кезінде кәсіпкерлерді қолдау бойынша жаңа бастамаларды белсенді іске асыруға кіріскенін ескеретін болсақ, ҰКП Басқарма төрағасының мәлімдемесі, жайлап айтқанда, мезгілсіз дегенді атап өткім келеді. Әрине, төтенше жағдай режимі өзі үшін ауыр шешімдер қабылдауға мәжбүр кәсіпкерлердің қаржылық жағдайына айтарлықтай соққы берері анық. Біз осы қиын кезеңде барынша көмек көрсетуге Холдингтің және оның еншілес ұйымдарының микро, шағын, орта және ірі бизнесті қолдау бойынша барлық ресурстарын жұмылдырамыз.
Сонымен қатар, ҰКП басшысы баяндаған пайымдаулар толық зерделенбеген, үстірт. Дегенмен, мен кейбір тұстарына жауап беру қажет деп санаймын.
«Даму» қорын ҰКП басқаруына беруге қатысты. ҚР заңнамасына сәйкес, «Даму» қоры мен ҰКП кәсіпкерлікті қолдаудың әр түрлі нысандарын жүзеге асырады. Қор мемлекет тарапынан кәсіпкерлерді қаржылық қолдауды жүзеге асыру құқығына ие, ал ҰКП – коммерциялық емес ұйым бола отырып, қауымдастықты шоғырландыруға жәрдемдесу, кәсіпкерлердің мүдделерін қорғау жөніндегі кәсіпкерлік субъектілерінің одағы болып табылады. Яғни, «Даму» қоры Палатаның функцияларын қайталамайды және микро, шағын және орта бизнесті дамыту жөніндегі қаржылық бағдарламалар шеңберінде ҚР Үкіметінің жалғыз операторы болып табылады. Айта кету керек, ЭЫДҰ елдерінде де «Даму» қорына ұқсас кәсіпкерлікті қолдау ұйымдары Үкіметке ведомстволық бағынышты болып табылады.
«Даму» қоры» АҚ-ның Кәсіпкерлік кодексінд белгіленген функцияларын ҰКП-ға беру тікелей мүдделердің қақтығысына және сыбайлас жемқорлық алғышарттарының туындауына әкеп соғады деп санаймыз, өйткені мемлекет атынан кәсіпкерлерді қаржылай қолдау туралы шешімдерді Палатаға мүшелік жарна төлейтін кәсіпкерлердің одағы – ҰКП қабылдайды.
Сонымен бірге, Абылай Мырзахметов айтып отырған Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтары 2017 жылы таратылып, жобаларды екінші деңгейдегі банктер мақұлдағанға дейін сүйемелдеуші ретінде қайта форматталған.
«Қазақстанның даму банкі» АҚ қазір импорт алмастыру саясатының операторы бола алады, үлкен инфрақұрылымдық жобалармен жұмыс істей алады және Үкімет атынан банктерге арналған кепілдер және басқа да мәселелер бойынша шешімдер қабылдай алады деген мәлімдемелерге қатысты.
ҚДБ-ның импортты алмастырудағы рөлі қандай екенін сіз біздің банк қолдаған жобалар тізіміне қарап біле аласыз. Банк қоржынына 6,3 трлн теңгелік 55 инвестициялық жоба және 15 экспорттық операция кіреді.
ҚДБ қаржыландырған жобалар қазірдің өзінде импорт алмастыруға үлкен үлес қосып келеді және олардың өнімдері алыс және жақын шетел нарықтарына белсенді экспортталады. Атап айтсақ: Қазақстанның жаңғыртылған үш мұнай өңдеу зауыты - Павлодар, Шымкент және Атырау мұнай өңдеу зауыттары - бұлар жергілікті нарықтағы ЖЖМ тапшылығын шешкен қазақстандық мұнай-химия саласындағы ірі жобалар, Бройлер өсіретін Макинка құс фабрикасы, ол салқындатылған құс етіне деген ішкі сұранысты қанағаттандырып отыр, Шымкенттегі күш беретін трансформаторлар шығаратын жаңа заманауи Asia Trafo зауыты, ұзын өлшемді рельстер шығаратын зауыт «Ақтөбе рельс-арқалық зауыты» ЖШС және т.б.
Үлкен инфрақұрылымдық жобалар туралы айтсақ, «Сарыарқа» магистралды газ құбыры, Мойнақ ГЭС құрылысын немесе еліміздің 828 ауылдық елді мекенінде талшықты-оптикалық байланыс желілерін құру арқылы 2,5 мыңға жуық мемлекеттік орган мен бюджеттік ұйымдарды кең жолақты желіге қолжетімділікпен қамтамасыз етуді еске түсірген дұрыс. Бұл жобалардың барлығы тікелей ҚДБ-ның қатысуымен қаржыландырылған.
Сондықтан ҚДБ «Бәйтерек» холдингінің құрамында импорт алмастыру саясатын бұрыннан іске асырып келеді және ірі инфрақұрылымдық жобаларды қолдайды. Және өте табысты жүзеге асырып жатқанын сенімді түрде айта аламын.
Үкімет атынан банктерге арналған кепілдер және басқа да мәселелер бойынша шешім қабылдау туралы ұсынысқа келетін болсақ, заңнамалық деңгейде ҚДБ-да мұндай өкілеттіктер жоқ. Банк несие беру нарығында ерекше орын алады, оның қызметі «ҚДБ туралы» Заңмен және Кредит саясаты туралы меморандуммен реттелген.
Сондай-ақ, біздің еншілес ұйымымыз «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-ны онсыз да «Бәйтерек» холдингінің акционері болып табылатын ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне беру неге орынсыз екендігін түсіндіргім келеді.
Біріншіден, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі акционерін ауыстырмай-ақ, елдегі тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесін іске асыра отырып, өз функцияларын толық көлемде және табысты орындауда. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі 16 жылдық қызметінің бергі жеті жылында «Бәйтерек» холдингінің басқарумен жұмыс істеп келеді. Банктің барлық көрсеткіштерінің өсуі негіізінен осы кезеңге тиесілі. Біздің Банктің арқасында 220 мыңнан астам қазақстандық қолжетімді шарттар бойынша тұрғын үй алды. Бүгінде банкке 1,5 млн қазақстандық сенім білдіруде. Соңғы үш жыл ішіндегі ғана депозиттердің саны 731 мыңға артты. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі ұзақ мерзімді салымдар нарығында бірінші орынға ие. Сондай-ақ, жыл сайынғы берілген қарыз көлемі де өсуде. Өткен жылы банк 50 323 қарыз берді. Жұмыс қарқыны ұлғайған кезде банк операциялық жүктемелерді штатты өсіру есебінен емес, заманауи технологияларды енгізу және бизнес-процестерді онлайн-режимге көшіру арқылы орындап, теңестірді.
Екіншіден, ҰКП басшысы ИИДМ сұрамай отырса да, пайдасынан зияны артық көмек көрсетпекші. 1300 адамнан асатын штат саны бар, Қазақстанның барлық өңірлерінде филиалдық және агенттік желісі дамыған банк өз қызметінде озық технологияларды пайдалануы, стратегиялық шешімдер қабылдауда, өтімділікті басқару мәселелерінде жедел болуы қажет және өз қызметін қорландыру үшін кредиттік рейтингі жоғары мықты акционері болуы тиіс. ИИДМ-ге көшу Банктің ұтқырлығын шектейді, өйткені Министрлік банктерді басқарумен, ұлттық және халықаралық қаржы нарығындағы өзара қарым-қатынастармен айналыспайды.
Жалпы, ҰКП Басқарма төрағасы «Бәйтерек» холдингінің маңыздылығын көрмей отырғаны таң қалдырады. Холдинг Президенттің Жарлығына сәйкес 2013 жылы құрылған. Сол жылы бізге әртүрлі министрліктер басқарған және бейінді мемлекеттік органдар жанында жұмыс істейтін 10 ұйым басқаруға берілді.
Біріншіден, сол жылы біз кейбір еншілес ұйымдарды шығынға ұшыраған күйінде қабылдап, жеті жылы ішінде оларды шығынсыз жағдайға шығара алдық. Мысалы, ҚДБ-ның ашылған уақытынан бастап тазалау тетігінің болмауы нәтижесінде жинақталған 90 күннен жоғары мерзімі өткен қарыздары банк активтерінің 42%-ын құрады (2013 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша) және жинақталған залал (2013 жылдың соңындағы жағдай бойынша) 51,12 млрд теңгені құрады.
Екіншіден, кәсіби басқару берілген еншілес ұйымдардың негізгі стратегиялық және қаржылық көрсеткіштерін жақсартуға ықпал етті. 2013 жылмен салыстырғанда 2016 жылы Холдинг капиталы 40%-ға, активтер 2,2 есеге, кредиттік портфель шамамен 3 есеге, меншікті капиталдың табысы 22%-ға, пайда 1,5 есеге өсті.
ҰКП басшысын қызықтырған ұйымдар бойынша мәліметтерді нақтылай аламын. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің активтері 2013 жылдан бастап 382 %-ға өсті (354,4 млрд теңгеден 1 353,28 млрд теңгеге дейін), ал меншікті капитал 253%-ға жетті (96,68 млрд теңгеден 244,86 млрд теңгеге дейін). Бұл ретте Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі қоржынының негізгі серпінді өсуі соңғы 4 жылдың еншісінде.
«Бәйтерек» холдингі құрамындағы «Даму» қоры активтері 199%-ға (169,3 млрд теңгеден 337,5 млрд теңгеге дейін) өсті, меншікті капитал 107%-ға (80 млрд теңгеден 85,9 млрд теңгеге дейін) жетті.
Сондай-ақ, ҚДБ активтері 2013 жылдан бастап 256%-ға өсті (1014 млрд теңгеден 2 593 млрд теңгеге дейін), меншікті капиталы 168%-ға жетті (252 млрд теңгеден 423 млрд теңгеге дейін), ал несие қоржынының көлемі 508%-ға өсті (407 млрд теңгеден 2 066 млрд теңгеге дейін). Қарқынды өсу 2015 жылдан басталды. ҚДБ 2015 жылы Қазақстанның инвестициялық қорына стресстік активтерді беру арқылы өсімге бағыт алды және инвестициялық жобалар мен қарыз қоржынындағы валюталық тәуекелдерді айтарлықтай төмендетті.
Тағы бір айта кететін жайт, 2015 жылдан бастап 2019 жылға дейін «Бәйтерек» холдингі мемлекеттік қаржы көздерінен шамамен 1,2 трлн теңге алды. Сонымен қатар, капитал нарықтарынан 2 трлн теңге көлемінде қаражат тартылды. Арзан мемлекеттік қаржы көздерін нарықтағы анағұрлым қымбат қаржы көздерімен үйлестіре отырып, Холдинг көрсетілген барлық қаражатты еліміздің кәсіпкерлеріне салыстырмалы түрде төмен сыйақы мөлшерлемесімен кредиттер және тікелей инвестициялар ұсыну арқылы республика экономикасына инвестиция құюға жұмсады. Аталған қаржыландыру көздерін үйлестіру экономикаға қатысушыларға мемлекет тарапынан қолдау көрсету көлемін 2-3 есеге ұлғайтуға мүмкіндік беріп отыр.
Бар қиындық, «Атамекен» ҰКП өзінің бастапқы миссиясы мен қызмет стратегиясын дұрыс түсінбеуінде. Кәсіпкерлердің мүдделерін қорғаудың орнына Палата сын айтумен және барлық мемлекеттік, квазимемлекеттік функцияларды өзіне бұрумен айналысып кетті, осылайша мемлекеттік тапсырыстарды барынша көбірек орындауға және одан табыс табуға тырысуда.
Бүгінде, кәсіпкерлер тарапынан олардан жиналатын жарналарға қатысты көптеген сұрақтар туындауда, өйткені бұл жарналар іс жүзінде кәсіпкерлер үшін қосымша салық болып отыр. Барлық көрсетілген жарналар штат саны 1000 қызметкерден тұратын Палатаның жұмыс істеуіне және қызметіне жұмсалады. Соңғы 3 жылда бұл ұйымның шығындары екі есеге артып, жылына 19 млрд теңгеге жетті.
Егер мұны «Бәйтерек» холдингімен салыстыратын болсақ, онда 54 млрд теңге шығын филиалдық желілерін қосқандағы барлық Холдингтің 2800 қызметкеріне сайып келеді. Осы қызметкерлердің тең жартысы, яғни жалпы шығынның 35%-ы Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне тиесілі, ал бұл елімізде берілетін барлық ипотеканың 2/3 бөлігі және барлық негізгі тұрғын үй бағдарламаларын іске асыруға жатады.
Сонымен бірге, бәрімізге аян, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша «Бәйтерек» холдингі өзінің еншілес компанияларын оңтайландыру бойынша жоспарлы жұмыстар жүргізуде, бұл туралы біз бірнеше мәрте айттық.
Еліміздің даму институттарын кәсіби түрде басқару қажет екеніне күмәніміз жоқ. Менің ойымша, жоғарыда баяндалғандар «Бәйтерек» холдингінің осы міндетті табысты орындап келгенін дәлелдеп отыр. Біз қазіргідей қысыл таяң уақытта «Атамекен» ҰКП-мен сөз тартыстырғымыз келмейді. Қазір «Бәйтерек» холдингі амалсыз енгізілген төтенше жағдай режимінен зардап шеккен бизнеске қолдау көрсетуге қызу дайындық жүргізуде.
Халықаралық тәжірибе көрсетіп отырғандай, ел үкіметтері өткізетін дағдарысқа қарсы іс-шараларға, бірінші кезекте, даму институттары жұмылдырылады.
Біз орын алған жағдайдан ауыртпалықсыз шығу үшін бизнестің, квазимемлекеттік сектордың және мемлекеттің ынтымақтастығы мен әріптестігін күшейтуге барынша ниеттіміз.