03.11.2025
- Холдинг туралы
 - Тұрақты даму
 
    
    
    
    
    
        
        Кеңес ал!
1 қараша күні «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ Басқарма төрағасы Рустам Қарагойшин мен оның орынбасары Жандос Шайхы Түркістан облысына жұмыс сапарымен барды.
Сапардың мақсаты – облыс әкімімен кездесу, инвестициялық жобалардың жүзеге асу барысымен және өңір кәсіпорындарының қызметімен танысу.
Кездесу барысында облыс әкімі Нұралхан Көшеров пен Холдинг басшылығы Холдинг арқылы қаржыландырылып жатқан жобаларды іске асыру мәселелерін және Холдинг пен оның еншілес ұйымдарының құралдарын пайдалана отырып, кәсіпкерлікті дамыту бойынша алдағы шараларды талқылады.
– «Бәйтерек» холдингінің қолдауымен өңірде маңызды әлеуметтік міндеттер жүзеге асырылып келеді. Облыс құрылғаннан бері 147 несиелік үй салынып, 4 692 отбасы баспанамен қамтылды. «Даму» қоры арқылы жалпы сомасы 261,7 млрд теңгені құрайтын 4,5 мыңнан астам жоба қаржыландырылды. Ауыл шаруашылығы саласында да бірқатар ірі жоба мақұлданды. Бүгін көтерілген мәселелер өз шешімін табатынына және өңірдің дамуы жалғасын табатынына сенімдімін, – деді облыс әкімі, Холдинг басшылығына ынтымақтастық үшін алғыс білдіре отырып.
Өз кезегінде Рустам Қарагойшин Түркістан облысында кәсіпкерлікті дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған жобаларға Холдингтің алдағы уақытта да белсенді қолдау көрсететінін атап өтті.
– Түркістан облысы тұрақты дамудың айқын қарқынын көрсетіп келеді. Әрбір салынған теңге өңірдің дамуына, инвестициялық тартымдылығын арттыруға және тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға ықпал етуі маңызды. Осы мақсатта біз әкімдікпен және бизнес қауымдастықпен ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға дайынбыз, – деді «Бәйтерек» холдингі Басқарма төрағасы.
Сол күні Холдинг делегациясы өңірде жеңіл өнеркәсіптің толық өндірістік циклін – мақта өсіруден бастап дайын тоқыма өнімін шығаруға дейін қамтитын ірі инвестициялық жобаны жүзеге асырып жатқан «Kazakhstan Lihua» ЖШС кәсіпорнының жұмысымен барып, танысты.
Қазіргі таңда компанияның мақта алқаптарының көлемі 33 мың гектарды құрайды. Гектарынан орта есеппен 5 939 кг өнім алынған, жалпы өнім көлемі шамамен 196 млн кг. Кәсіпорында 800-ге жуық адам еңбек етуде.
Биыл қыркүйек айында компания жалпы құны 9 млрд теңге болатын жаңа мақта тазалау зауытын іске қосты. Бұл жоба ел ішіндегі шикізатты қайта өңдеу деңгейін арттырып, қосымша жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік берді.
«Kazakhstan Lihua» компаниясы Қазақстанның тоқыма өнеркәсібін дамытуға, өндірісті жергіліктендіруге және өңірдің экспорттық әлеуетін арттыруға елеулі үлес қосып келеді.