19.12.2024
- Холдинг туралы
Франция Республикасымен ынтымақтастықты жалғастыру және екіжақты қарым-қатынасты нығайту мақсатында 2024 жылғы 19 сәуірде «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінің Басқарма төрағасының орынбасары Жандос Шайхы Француз даму агенттігінің (AFD) Қаржы жүйелері департаментінің жобалау тобының жетекшісі Катерина Петсетидимен кездесу өткізді.
Кездесуде холдингтің қарыз беру және алу сынды қаржы құралдары, сондай-ақ «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ мен «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ сияқты холдингтің еншілес құрылымдарымен ынтымақтастық мүмкіндіктері талқыланды. Кәсіпкерлікті қаржылық қолдау жобаларына және секторлық бастамаларды дамытуға ерекше көңіл бөлінді.
«Біз Францияның даму агенттігімен өзара қарым-қатынасты, әсіресе, екі ел үшін де жаңа мүмкіндіктер ашатын соңғы халықаралық келісімдер аясында арттыруға қуаныштымыз. Бұл бізге Қазақстан экономикасының негізгі секторларын дамыту және қаржы жүйелерімізді нығайту үшін халықаралық тәжірибені пайдалануға мүмкіндік береді», - деп атап өтті Жандос Шайхы.
«Бәйтерек» ұлттық холдингі мен Францияның даму агенттігі кәсіпкерлерге арналған жағдайды жақсарту, аграрлық секторды дамыту, шағын және орта бизнесті қаржылық қолдауды күшейту бағытында ынтымақтастықты жалғастырады, бұл БҰҰ-ның жаһандық тұрақты даму мақсаттарына сәйкес келеді.