19.12.2024
- Холдинг туралы
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытай Халық Республикасына жоспарланған сапары қарсаңында «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінің басшылығы көрші елдегі Баодин қаласындағы өндіріс нысандарын аралады.
«Бәйтерек» өкілдері ең әуелі Сюшуй зауытына бас сұқты. Мұнда холдингтің басқарма төрағасы Қанат Шарлапаев CKD тәсілімен құрастырылатын HAVAL автомобилінің өндірісімен танысты. Аталған технологияны Astana Motors-тың жаңа жобасына енгізу жоспарланып отырғанын айта кету керек. Зауыттың өнімділік деңгейі көңіл көншітеді: бір жұмыс кезегінде 600 көлік құрастырылады. Ал оның шекті мүмкіндігі үш жұмыс кезегінде 250 мың көлік шығаруға жетеді.
Одан бөлек дәнекерлеу цехында 500-ден астам швециялық робот жұмыс істейді. Осы роботтардың арқасында бір мезетте 5 түрлі модельді дәнекерлеуге мүмкіндік бар. «Бәйтерек» ҰБХ еншілес ұйымдарының бірі Өнеркәсіпті қолдау қоры Қазақстандағы мультибрендті автомобиль зауытының құрылысын қаржыландыруға қатысып отыр. Бұл құрылысқа Great Wall Motor Company Limited те атсалысады.
Бұдан кейін «Бәйтерек» холдингінің төрағасы Қытайдағы ең ұзын тест-драйв алаңға барды. 2400 метрлік трекке жол жабынының 10 типі төселген.
Ауданы 250 мың шаршы метр болатын аумақта зерттеу орталығы, сынамалық өндіріс орталығы, сынақ орталығы, дизайн әзірлеу орталығы және деректерді өңдеу орталығы орналасқан.
Бүгінде Haval техникалық орталығында 10 мыңнан астам қызметкер жұмыс істейді. Оның ішінде 1000-нан астамы - жетекші жергілікті және шетелдік сарапшылар.
Сондай-ақ, «Бәйтерек» өкілдері литий батареяларын шығаратын Feng Chao зауытында болды. Бұл зауыт кобальт қоспасы жоқ литий батареяларының алғашқы топтамасын өндіріп отыр. Бұл жерде Қанат Шарлапаев кәсіпорынның зертханасын аралап, сутегі энергиясы R&D орталығының жұмысымен танысты.
Сондай-ақ, ол өзге де жобалармен танысып, автокөліктер таныстырылымына қатысты. Жоспардағы нысандардың бәрін аралағаннан кейін Қазақстаннан барған делегация мен кәсіпорын басшылығы конструктивті келіссөз жүргізді.