10.07.2026
- Холдинг туралы
- Тұрақты даму
Кеңес ал!
Алматы қаласына жұмыс сапары аясында «Бәйтерек» ұлттық инвестициялық холдингі» АҚ Басқарушы директоры Айдын Ақан, «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Владимир Ли және «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Азат Абайділдин Холдингтің даму институттарының қолдауымен инвестициялық жобаларды іске асырып жатқан бірқатар өнеркәсіп кәсіпорындарын аралады.
Сапар барысында делегация Astana Motors Manufacturing Kazakhstan мультибрендті автомобиль зауытының, Hyundai Trans Kazakhstan кәсіпорнының, сондай-ақ VALTHERM, Orbis Manufacturing және KZ Recycling компанияларының өндірістік алаңдарының қызметімен танысты.
Іссапар аясында отандық автокөлік жасау саласындағы ең ірі жобалардың бірі саналатын Astana Motors Manufacturing Kazakhstan зауытының жұмысына ерекше назар аударылды. Делегация мүшелері өндірістік желілерді, технологиялық үдерістерді және кәсіпорынның алдағы даму жоспарларын көрді.
Changan, Chery және Haval маркалы автокөліктерді шығаратын мультибрендті зауыттың құрылысы «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ мен «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ-ның қолдауымен жүзеге асырылды. Кәсіпорынның жылдық жобалық қуаты 90 мыңға дейін автокөлік шығаруға мүмкіндік береді және 2 200-ден астам адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.
– Бүгінде автокөлік жасау саласы Қазақстанның өңдеу өнеркәсібін алға бастайтын негізгі бағыттардың біріне айналды. Осындай ауқымды жобалар жаңа жұмыс орындарын ашуға, өндірістік кооперацияны дамытуға және жергілікті қамту үлесін арттыруға серпін береді. «Бәйтерек» холдингі үшін кәсіпорындарды қолжетімді қаржыландыру құралдарымен қамтамасыз ету ғана емес, жобаларды іске асырудың барлық кезеңінде сүйемелдеп, отандық өндірістің тұрақты дамуына қолайлы жағдай жасау да маңызды, – деді Басқарушы директор Айдын Ақан.
Кәсіпорындарды аралау барысында Холдинг өкілдері компаниялар басшылығымен өндірістің қазіргі көрсеткіштерін, өндірістік қуаттарды кеңейту жоспарларын, өндірісті жергіліктендіру мәселелерін және отандық жеткізушілермен ынтымақтастықты дамыту бағыттарын талқылады.
Жұмыс сапары Холдингтің инвестициялық жобалардың іске асырылу барысын тұрақты бақылау және көрсетілетін қолдау шараларының тиімділігін бағалау жөніндегі жүйелі жұмысының бір бөлігі болды. Өндірістік алаңдарға тікелей бару бизнес өкілдерімен ашық диалог орнатуға, кәсіпорындардың өзекті қажеттіліктерін уақытылы айқындауға және еліміздің өнеркәсіптік әлеуетін одан әрі нығайтуға ықпал етеді.