10.10.2024
- Холдинг туралы
8 желтоқсанда «Бәйтерек» холдингінің Қоғамдық кеңесінің екінші отырысы өтті.
Қоғамдық кеңес Nur Otan партиясының «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасын орындау жөніндегі жол картасын іске асыру шеңберінде құрылған. Бұл квазимемлекеттік секторда құрылған алғашқы консультативтік-кеңесші органдардың бірі. Оның құрамында 11 адам бар, олардың үшеуі – Холдинг өкілдері, сегізі – азаматтық қоғам өкілдері.
- «Бәйтерек» холдингі даму институттарын дамыту мақсатында еліміз аяққа тұрған жылдары құрылды. Менің ойымша, Қоғамдық кеңестің жұмысы Холдингке көмектесуді көздейді. Біз әрдайым ымыраға келу жолдарын табуға тиіспіз, сонымен бірге, іске асырылып жатқан бағдарламалар, қаржы ағындары айқын болуы тиіс, - деді отырыста, Қоғамдық кеңес төрайымы Елена Тарасенко.
Қоғамдық кеңес мүшелерінің алдында Стратегия және талдау департаментінің директоры Мәдина Ержанова сөз сөйлеп, Холдингтің қызметі туралы толық ақпарат берді.
Мәселен, қызметтің негізгі қорытындыларының бірі – «Бәйтерек» және «ҚазАгро» холдингтерін біріктіру, бұл қолданыстағы Даму стратегиясының өзектілендірілуіне себеп болды. Құжатта кәсіпкерлікті қолдау, АӨК дамыту және халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету қызметтің үш стратегиялық бағыты ретінде айқындалған.
- «Бәйтерек» холдингі кәсіпкерлікті қолдайтын бірқатар жаңа бастамаларды қолға алып отыр. Біз екінші деңгейлі банктер арқылы орта бизнес жобаларына қаржыландыру ұсынамыз, кәсіпорындарға жаңа технологияларды, бизнес жүргізу әдістерін және қашықтағы кеңсе, онлайн оқыту және электрондық коммерция сынды бизнес-модельдерді енгізуді қолдаймыз. Жеткізу тізбегінде қолдау көрсете отырып, ірі кәсіпорындарды ШОБ-пен ынтымақтастыққа ынталандыру қажет. Сондай-ақ, жобалық-сметалық құжаттама әзірлеу, жеңілдікпен қаржыландыру, үлестік қаржыландыру және экспорттық қолдау көрсету кіретін қолдау пакеті арқылы ірі инвесторлардың айналасында экожүйелерді дамыту аса маңызды, - деп атап өтті Мәдина Ержанова.
Тағы бір маңызды мәселе – халық үшін тұрғын үйдің қолжетімділігі, ол заманауи цифрлық технологияларды қолдана отырып, құрылыстың өзіндік құнын арзандату арқылы арттырылатын болады.
«Бәйтерек» холдингі жылжымайтын мүлік нарығына жүргізген зерттеу нәтижелеріне сәйкес, тұрғын үй құрылысының өзіндік құнының 53%-ы құрылыс материалдарына жұмсалған шығындардан тұрады. Өз кезегінде, бұл шығындарда импорт үлесі өте жоғары деңгейде, яғни 67%-дан 97%-ға дейін болатын өнімдер басым. Бұл құрылыстың өзіндік құнының жоғары болуы факторларының бірі болып табылады, бұл тиісінше дайын үйдің қолжетімділігіне әсер етеді.
Сондай-ақ, Холдинг Үкіметтің негізгі қаржы институты ретінде елдің «жасыл» экономикаға көшу бойынша бастамаларын қолдайтынын атап өткен жөн. Осы бағыт шеңберінде Холдинг «жасыл» жобаларды қолдауға, «жасыл» қаржыландыру құралдарын дамытуға және жобалық қызметке ESG қағидаттарын енгізуге тырысады.
Кездесу соңында Қоғамдық кеңес мүшелері 2022 жылға арналған жұмыс жоспарын талқылап, Холдинг өкілдеріне толғандырған сұрақтарын қойды.