22.05.2025
- Холдинг туралы
Кеңес ал!
22 мамырда «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінде Германия агробизнес альянсы (GAA) мен Германия машина жасаушылар одағының (VDMA e.V.) өкілдерімен кездесу өтті. Делегацияны GAA атқарушы директоры доктор Пер Бродерсен бастап келді. Сонымен қатар кездесуге Альянстың Орталық Азия бойынша өкілі Дирк Штратсман және VDMA-ның ТМД елдері бойынша маманы Томас Валленборн қатысты.
Холдинг тарапынан кездесуге Басқарма төрағасының орынбасары Тимур Онжанов, басқарушы директор Нияз Көшкімбаев және агроөнеркәсіптік кешен мен тұрғын үй құрылысы бағдарламалары департаментінің директоры Руслан Төлегенов қатысты.
Кездесу Қазақстан-Герман іскерлік кеңесі аясындағы ынтымақтастықты жалғастыру мақсатында және агроөнеркәсіп пен машина жасау салаларындағы әріптестікті кеңейту мәселелеріне арналды. Герман тарапы GAA мен VDMA-ның қызметін таныстырып, технологиялық ынтымақтастық, инвестициялық бастамалар мен ауыл шаруашылығын орнықты дамытуға қолдау көрсету мүмкіндіктерін талқылады.
Өз кезегінде, Холдинг өкілдері агроөнеркәсіптік кешенге бағытталған қолдау құралдары туралы айтып, ауыл шаруашылығы мен машина жасау салаларын жаңғырту бағытындағы бірлескен жобалар арқылы қазақстандық-германдық әріптестікті кеңейтуге мүдделілік білдірді.
Кездесу Қазақстан мен Германия іскер топтарының арасындағы тәжірибелік ынтымақтастықты тереңдетуге бағытталған маңызды қадамға айналды.