19.12.2024
- Холдинг туралы
«Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басқарма төрағасы Рустам Карагойшин Орталық және Шығыс Еуропа бойынша Deutsche Bank атқарушы директоры Борислав Иванов-Бланкенбургпен кездесу өткізді. Кездесу барысында тараптар 2025 жылға арналған стратегиялық жоспарларды, орнықты даму қағидаттары мен ESG стандарттарын қоса алғанда, ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын талқылады.
«Deutsche Bank-тің Қазақстан экономикасының дамуына қосқан үлесін жоғары бағалаймыз және серіктестікті кеңейтуге дайынбыз. «Бәйтерек» холдингі инфрақұрылым, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және жасыл энергетика сияқты салаларда екі жаққа да тиімді жобаларға инвестиция тартуға ұмтылады. Deutsche Bank-пен ынтымақтастығымызды тереңдету – Қазақстанның тұрақты экономикалық өсуі мен экологиялық қауіпсіз болашағы үшін маңызды қадам болатынына сенімдіміз», – деді Рустам Карагойшин.
Тараптар орнықты даму және экологиялық қауіпсіздік мәселелеріне ерекше назар аударды. «Бәйтерек» холдингі жаңартылатын энергия көздері саласында жасыл жобаларды және бастамаларды, соның ішінде жасыл облигацияларды шығару және электр автобустарын сатып алуға арналған лизингтік қаржыландыруды белсенді түрде қолдайды. 2024 жылы Қазақстанның Даму Банкі алғаш рет халықаралық капитал нарықтарына тұрақты еурооблигацияларды орналастырды, бұл ESG инвестицияларын дамыту және Қазақстанды жаһандық деңгейде ілгерілету жолындағы маңызды қадамға айналды.
Deutsche Bank – «Бәйтерек» холдингінің көпжылдық серіктесі және ірі инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға қолдау көрсетіп келеді. Аталған ынтымақтастық аясында синдикатталған қарыздар және басқа да қаржылық келісімдер арқылы қаржыландыру мүмкіндіктері талқыланды.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар жаңа инвестициялық мүмкіндіктер жасауға бағытталған ынтымақтастықты тереңдетуге дайын екендерін растады. Сондай-ақ, Холдинг өкілдерінің Берлинде өтетін жұмыс топтарының алдағы отырыстарына және Қазақстан-Германия іскерлік кеңесінің сессиясына қатысуы жоспарланып отыр, онда перспективалы бірлескен жобалар талқыланатын болады.
Анықтамалық ақпарат
Deutsche Bank — 1870 жылы құрылған Германияның ең ірі коммерциялық банктерінің бірі. Банк әлемнің 70-тен астам елінде қызмет етеді және корпоративтік, инвестициялық банкинг, жеке клиенттерге қызмет көрсету, сондай-ақ активтерді басқару бойынша ауқымды қызметтерді ұсынады.