20.12.2025
- Холдинг туралы
- Тұрақты даму
Кеңес ал!
«Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінде цифрлық трансформация және жасанды интеллект технологияларын қолдану арқылы инновациялық шешімдерді енгізу мәселелеріне арналған Demo Day – 2025 іс-шарасы өтті. Іс-шара Холдинг үшін жаңа форматта ұйымдастырылып, Холдинг басшылығын, қызметкерлерін, сондай-ақ еншілес және тәуелді ұйымдардың өкілдерін біріктірді.
Іс-шараның ашылуында Холдинг Басқарма Төрағасының орынбасары Үсен Ғалым құттықтау сөз сөйледі. Ол цифрландыру Холдинг компаниялар тобының дамуының негізгі басымдықтарының бірі екенін және 2024–2026 жылдарға арналған Цифрландыру стратегиясы аясында жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, аналитикалық және жасанды интеллект шешімдерін енгізу бизнес-процестерді оңтайландыруға, әкімшілік кедергілерді азайтуға, клиенттерге көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға және деректерге негізделген басқарушылық шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді.
Demo Day барысында Холдингтің цифрлық трансформациясы аясында қол жеткізілген нәтижелер мен іске асырылып жатқан бастамалар таныстырылды. Кәсіпкерлерге арналған «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істейтін, экспорттық бағытты қоса қамтитын Bgov бизнесті қолдау бірыңғай порталын дамытуға ерекше назар аударылды. Бүгінгі таңда порталға алты негізгі бағыт бойынша — кредиттеу, субсидиялау, лизинг, сақтандыру, кепілдендіру және инвестициялау — 73 қызмет орналастырылған. Тәулік бойы кеңес беру қолдауын қамтамасыз ету мақсатында порталға Claude Sonnet 3.7 үлкен тілдік моделі негізінде әзірленген ЖИ-чат-бот енгізілді. Ол қызмет алу шарттарын түсіндіруге, тиісті құралдарды ұсынуға және өтінім беру процесін сүйемелдеуге мүмкіндік береді. Шешімді ауқымдау шеңберінде чат-бот Холдингтің еншілес және тәуелді ұйымдарының 15 ақпараттық жүйесіне енгізілді.
Іс-шараның елеулі бөлігі деректерді басқару жүйесін дамытуға арналды. Қатысушыларға негізгі көрсеткіштерді есептеуді автоматтандыруды және қызметтің ашықтығын арттыруды қамтамасыз ететін аналитикалық орталықтың, орталықтандырылған деректер қоймасының және дашбордтардың жұмысы көрсетілді. Қалыптастырылған инфрақұрылым аясында 9 еншілес ұйымның 21 ақпараттық жүйесі қосылып, 150 көрсеткіш автоматтандырылды, 55 ақпараттық панель әзірленді және 5 аналитикалық кейс іске асырылды.
Demo Day аясында vibe coding технологиясы бойынша жасанды интеллект көмегімен әзірленген Bvote алқалы органдар порталының жаңартылған нұсқасы да таныстырылды. Портал бірыңғай авторизацияны, мобильді қолжетімділікті және отырыстарды сүйемелдеуге арналған кеңейтілген функционалды қамтамасыз етеді және қазіргі уақытта Холдинг Басқармасының жұмысында қолданылып отыр.
Ішкі цифрлық бастамалар қатарында Blife корпоративтік порталы, Холдингтің jobs.baiterek.gov.kz бірыңғай мансап порталы (онда 5 703 үміткер тіркеліп, бос жұмыс орындарына 12 773 өтінім өңделген), сондай-ақ процестерді автоматтандыруға, қолжетімділікті басқаруға, корпоративтік әзірлемені дамытуға және жасанды интеллектіні қолдану арқылы білімді сақтауға бағытталған ішкі цифрлық құралдар экожүйесі ұсынылды.
Цифрлық инновациялар мәдениетін одан әрі дамыту және үздік тәжірибелермен алмасу мақсатында 2026 жылдан бастап Холдингтің еншілес және тәуелді ұйымдары ай сайын өздерінің Demo Day іс-шараларын өткізіп, іске асырылған және пилоттық IT-бастамаларды, сондай-ақ цифрландырудың үздік тәжірибелерін таныстыратын болады.
Іс-шара қорытындысы бойынша Demo Day – 2025 цифрландырудың «Бәйтерек» холдингінің тиімділігі мен тұрақты дамуын арттыратын негізгі факторлардың бірі екенін растағаны атап өтілді. Ұсынылған шешімдер цифрлық сервистерді одан әрі ауқымдауға және компаниялар тобының қызметін жетілдіруге негіз болады.