19.12.2024
- Холдинг туралы
«Бәйтерек» холдингінде «Baiterek – Open Hearts» қайырымдылық жәрмеңкесі өтті, одан түскен қаражат Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығында ұзақ уақыт емделіп жатқан балалар үшін жаңа жылдық ертеңгілікті ұйымдастыруға жұмсалады.
Жәрмеңкеге Холдингтің еншілес ұйымдарының қызметкерлері де қатысты. Онда аспаздық кондитерлік өнімдер, қолдан жасалған бұйымдар, бөлме гүлдері, қысқа сақтауға дайындалған салаттар, қызметкерлер сыйға тартқан қымбат сувенирлер және тіпті еншілес ұйымдар қолдау көрсеткен жобалардың өнімдері ұсынылды.
- Қайырымдылық көрмесі – «Бәйтерек» холдингінің тамаша идеясы. Жәрмеңкеге өзіміз қолдан жасаған бұйымдар мен дайындаған тәтті-дәмділерді қойдық. Сондай-ақ, Аграрлық несие корпорациясы қаржыландырған компания өз өнімдерін әкелді. Бүгінде олар қазақстандықтар үшін жоғары сапалы бал шығарумен айналысады, - деді «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ қызметкері Әйгерім Әбенова.
- Түскен барлық қаражат ауыр дертке шалдыққан балаларға жаңа жылдық шырша ұйымдастырып, сыйлықтар алуға жұмсалатындықтан, Қазақстан тұрғын үй компаниясының қызметкерлері жәрмеңкеге қатысуға қуана келісті. Өздері кондитерлік өнімдер мен тәттілер, түрлі сыйлықтар дайындап ат салысты, - деп атап өтті «Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы» АҚ Персоналмен жұмыс департаментінің бас маманы Ақмарал Қарпықбаева.
Жәрмеңкеден 1 млн 300 мың теңге қаражат түсті. Холдингтің волонтерлары аниматорлар шақырып, балаларға жаңа жылдық ертеңгілік ұйымдастыру туралы Ғылыми-медициналық орталықтың әкімшілігімен келісті.