19.08.2025
- Холдинг туралы
Кеңес ал!
2025 жылғы 18 тамызда «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ-да қазақтың ұлы ағартушысы, ойшыл-ақын Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған «Абай руханияты» атты мәдени-танымдық шығармашылық кездесу өтті.
Іс-шараға ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Тіл саясаты комитеті төрағасының орынбасары Эльмира Асан, сондай-ақ абайтану саласында елеулі еңбек етіп жүрген ғалымдар – «Абай академиясы» ғылыми-зерттеу институтының директоры, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Жандос Әубәкір, Гуманитарлық зерттеулерді үйлестіру бөлімінің басшысы, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Алтынай Асқарова, бас ғылыми қызметкер Ләйлә Демесінова қатысып, Абай шығармаларының рухани-эстетикалық болмысы, оның бүгінгі қоғамдағы идеялық мәні, жас ұрпақ санасына тигізер әсері жайында тұшымды пікірлерімен бөлісті.
Кездесу барысында Холдинг пен еншілес ұйымдардың өнерлі қызметкерлері Абай шығармаларынан музыкалық және әдеби композициялар орындады. Аграрлық несие корпорациясының Батыс Қазақстан облыстық филиалының маманы Нұрлытаң Туралиева «Қараңғы түнде тау қалғып» әнін нақышына келтіре орындады. «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының талантты қызметкерлерінен құралған аспаптық ансамбль – Астана өңірлік филиалының директоры Светлана Назарюк, Қостанай облыстық филиалының директоры Медет Ерболұлы, Абай облыстық филиалының бас менеджері Екатерина Маслова, Атырау облыстық филиалының менеджері Данияр Елеуов – Абайдың «Көзімнің қарасы» әнін тамылжыта шырқады. Қазақстанның Даму банкінің мамандары Баян Қожабаева мен Аружан Саясатова ұлы ақынның «Өлсем, орным қара жер сыз болмай ма» өлеңін тебірене оқыды.
Сонымен қатар, Е. Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармония әншісі, мәдениет саласының үздігі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, дәстүрлі әнші Берік Омар домбырамен төгілте әннен шашу шашты.
«Абай – адам баласын ізгілікке үндеген рухани ұстаз. Оның әрбір ойы – жүрекке жол табатын мәңгілік қазына. Сондықтан біз бүгін ұлы ақынның мұрасына қайта үңіліп, өз жүрегімізді адамгершілік пен адалдыққа бұруға талпыныс жасадық. Халықтың рухани байлығы артып, жастардың көкірегі оянса – біздің мақсат жүзеге асты деп білеміз», – деді «Бәйтерек» холдингінің басқарушы директоры Нияз Көшкімбаев.
Абайдың 180 жылдық мерейтойына арналған іс-шаралар шеңберінде Холдинг қызметкерлерінің балалары арасында «Абай – халық қазынасы» атты сурет байқауы ұйымдастырылды. Салтанатты жиында байқау жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтіп, бүлдіршіндерге марапаттарды «Бәйтерек» холдингінің Аппарат басшысы Дина Акрачкова табыстады.
Іс-шара соңында қатысушылар Абай мұрасының бүгінгі қоғамдағы тәрбиелік және рухани маңызының жоғары екенін атап өтіп, осындай тағылымды кездесулердің адамгершілік құндылықтарды дәріптеп, рухани сабақтастықты нығайтудағы рөлі айрықша екенін жеткізді.