27.03.2025
- Холдинг туралы
Кеңес ал!
5 наурызда «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінде Холдингтің басқарушы директоры Нияз Көшкімбаевтың Ресей Федерациясы делегациясымен кездесуі өтті. Делегацияны Ресей Федерациясының Сауда-өнеркәсіп палатасы (СӨП) вице-президенті Дмитрий Курочкин басқарды.
Кездесу барысында Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) шеңберіндегі қолдау бағдарламаларына қатысу перспективалары, сондай-ақ Қазақстанда өнеркәсіптік өнімдерге сұранысты ынталандыру тетіктері бойынша Холдингтің тәжірибесі талқыланды.
Кездесуге «Қазақстан тұрғын үй компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Алтай Күздібаев, «ҚазАгроҚаржы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Айдос Сейтжанов, «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Жанар Ибрашева және «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ басқарушы директоры Асем Едилова қатысты.
Ресейлік делегация атынан ЕАЭО елдері бойынша СӨП РФ жобалық кеңсесінің жетекшісі Анастасия Астахова, Ресей экономикасын дамыту және өнеркәсіптік бәсекеге қабілеттілік кеңесінің жауапты хатшысы Сергей Звягин, сондай-ақ Ресейдің Экономикалық даму министрлігінің өкілдері Егор Шипицын мен Артур Семибратов қатысты.
Тараптар қаржыландыру тарту және өнеркәсіптік кооперацияны қолдаудың заманауи тетіктерін енгізу тәжірибесімен бөлісті. Ресейлік әріптестер ЕАЭО аясында бірлескен жобаларды іске асыру үшін кредиттер бойынша пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялау сияқты құралдардың маңыздылығын атап өтті.
«Қазақстан мен Ресей арасындағы өнеркәсіптік кооперацияны дамыту екіжақты ынтымақтастықтың маңызды бағыты болып қала береді. Холдинг кәсіпкерлерді белсенді түрде қолдайды және біз ЕАЭО бағдарламалары аясында тәжірибе алмасуға әрдайым дайынбыз», – деп атап өтті «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ басқарушы директоры Нияз Көшкімбаев.
Кездесудің басты тақырыптарының бірі құрылыс саласындағы ынтымақтастықты кеңейту болды. «Қазақстан Тұрғын үй компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Алтай Күздібаев:
«Тұрғын үй және коммуналдық сектор нысандарын салу кезінде пайдаланылатын материалдардың құрылымында ресейлік тауарлардың үлесі жоғары, біз осы өндірістерді Қазақстан Республикасында локализациялауға мүдделіміз».
Кездесуде өнеркәсіптік кооперацияның маңызы да ерекше аталып өтті. «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Жанар Ибрашева:
«Халықаралық ынтымақтастық – Өнеркәсіпті дамыту қоры саясатының негізгі бағыттарының бірі. Осы кездесуде ЕЭК ережелеріне сәйкес жобаларды қаржыландыру мүмкіндігі мен Қазақстан өнеркәсібін дамытудағы Қордың рөлі талқыланды».
Сонымен қатар, агроөнеркәсіптік кешенді дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды. «Біздің компания Қазақстанның бүкіл агроөнеркәсіптік кешенін дамытуға үлкен үлес қосады. Осы мақсатта аграршылардың мүмкіндіктеріне бейімделген бірқатар тартымды лизингтік бағдарламалар әзірленіп, сәтті іске асырылды. «ҚазАгроФинанс» фермерлерге заманауи техника мен технологияларға тиімді шарттармен қол жеткізу мүмкіндігін ұсынып, сенімді серіктес болуға ұмтылады. Сондай-ақ, компания ресейлік әріптестермен ынтымақтастыққа және тәжірибе алмасуға ашық, бұл екі елдегі агроөнеркәсіптік сектордың одан әрі жетілдірілуі мен дамуына ықпал етеді», – деді «ҚазАгроҚаржы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Айдос Сейтжанов.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар Қазақстан мен Ресей арасындағы өнеркәсіптік байланыстарды дамытуға бағытталған бірлескен индустриялық және инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыру мәселелері бойынша диалогты жалғастыруға келісті.