11.06.2026
- Холдинг туралы
- Тұрақты даму
Кеңес ал!
8–12 маусым аралығында Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Қанат Бозымбаевтың жетекшілігімен қазақстандық делегация Шэньчжэнь, Гонконг және Макао қалаларында Alatau City роуд-шоуын өткізді. Делегация құрамында «Бәйтерек» ұлттық инвестициялық холдингі» АҚ Басқарма төрағасының бірінші орынбасары Нұрболат Айдапкелов болды.
Аталған роуд-шоу «Алатау қаласының арнайы құқықтық режимі туралы» Конституциялық заң қабылданғаннан кейін Қытайдың іскер топтарына Алатау жобасын таныстыруға арналған алғашқы ауқымды іс-шара болды.
Бағдарламаның негізгі оқиғасы 10 маусым күні Шэньчжэнь қаласында өткен Alatau City Roadshow in China форумы болды. Форум қатысушыларына Қанат Бозымбаев құттықтау сөз арнады. Сондай-ақ «Alatau City Authority» қорының бас атқарушы директоры Әлішер Әбдіқадыров пен «Бәйтерек» ұлттық инвестициялық холдингі» АҚ Басқарма төрағасының бірінші орынбасары Нұрболат Айдапкелов таныстырылым жасады.
Форум аясында төмен биіктіктегі авиация экономикасы, көлік және логистика, цифрлық экономика, инновациялар мен озық технологиялар бағыттары бойынша тақырыптық сессиялар ұйымдастырылды.
Қол қойылған құжаттар болашақ қаланың негізгі даму бағыттарын қамтиды. Атап айтқанда, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект, жоғары технологиялық өндіріс, көлік-логистика саласы, құрылыс және девелопмент, экология мен жасыл технологиялар, қаржы және сақтандыру бағыттарындағы жобалар қарастырылған.
Ірі келісімдердің қатарында Sichuan Touying Energy Co., Ltd. компаниясымен жаңа буындағы аккумуляторлар мен энергия сақтау жүйелерін өндіру жөніндегі жоба, Central Asia International Trade және Sinomach Hainan Development компанияларымен толық циклді агроөнеркәсіптік кешен құру туралы келісімдер, сондай-ақ CIMC, Globalink, Vastta және Wuhan Tianyuan Group компанияларымен жасалған уағдаластықтар бар. Бұдан бөлек, толық өндірістік циклді жоғары технологиялық фармацевтикалық зауыт салу көзделген.
11 маусым күні Гонконгта Гонконгтың сауда және экономикалық даму жөніндегі хатшысы Алджернон Яудың, сондай-ақ өңірдің жетекші қаржы институттары мен компаниялары өкілдерінің қатысуымен Alatau City Investment Round Table инвестициялық дөңгелек үстелі өтті.
Іс-шара барысында Нұрболат Айдапкелов жоба инвесторлары үшін қолжетімді инвестициялық қолдау және қаржыландыру тетіктерін таныстырды. Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша «Alatau City Authority» қоры мен Solana Foundation, Solana Company, ANT Group және Specialist Risk Group Asia Pacific Pte. Ltd. арасында ынтымақтастық туралы меморандумдармен алмасу рәсімі өтті.
Сапар аясында делегация мүшелері Шэньчжэнь қаласының мэрі Цинь Вэйчжунмен, Гонконг арнайы әкімшілік ауданының басшысы Джон Лимен және China State Construction Engineering Corporation, China International Marine Containers, China Resources Land, Ping An Group, JD Group және Melco Resorts & Entertainment сияқты ірі қытайлық компаниялардың басшыларымен кездесті.
Іс-шара қорытындысы бойынша ынтымақтастық туралы 24 келісімге қол қойылып, өнеркәсіп, энергетика, логистика, жоғары технологиялар, қалалық инфрақұрылым және цифрлық экономика салаларында жалпы инвестициялық әлеуеті 6 млрд АҚШ долларына дейін жететін жобаларды іске асыру жөнінде уағдаластықтарға қол жеткізілді.
Қол жеткізілген келісімдерді іске асыру Қазақстанға инвестициялар мен жаңа технологияларды тартуға, өндірістік құзыреттерді дамытуға, көлік-логистика инфрақұрылымын жетілдіруге және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.
Анықтама үшін:
Қазақстан Республикасының «Алатау қаласының арнайы құқықтық режимі туралы» Конституциялық заңына Мемлекет басшысы 2026 жылғы 8 мамырда қол қойды. Осылайша еліміз тарихында алғаш рет ерекше конституциялық мәртебеге ие «жедел дамушы қала» құрылды.
Қытай Қазақстанның ең ірі сауда серіктесі. 2025 жылдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы тауар айналымы 48,7 млрд АҚШ долларына жетіп, 11%-ға өсті. Ал 2005–2025 жылдар аралығында Қытайдан Қазақстан экономикасына тартылған инвестициялардың жиынтық көлемі 29,3 млрд АҚШ долларынан асты.