11.07.2025
- Холдинг туралы
Кеңес ал!
2025 жылғы 11 шілдеде «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ Басқарма Төрағасының орынбасары Тимур Онжанов Қытай Халық Республикасының Чэнду қаласында өткен Chengdu Finance Week: AIFC Day халықаралық конференциясында сөз сөйледі. Іс-шара Chengdu Finance Week аясында Қытайдың Инновациялық қаржы институтының (CIFI) қолдауымен ұйымдастырылды.
Форум Қытайдың мемлекеттік органдарының, ірі қаржы және инвестициялық ұйымдарының, корпорациялары мен сарапшылар қауымдастығының жүздеген өкілдерін біріктірді. Инфрақұрылымдық инвестициялар, қаржы қызметтері мен технологияларға арналған сессияға АХҚО, KTZ Express China, CICC International, China Construction Bank және Brillink Bank өкілдері қатысты.
Өз сөзінде Тимур Онжанов «Бәйтерек» холдингін Қазақстан Республикасы Үкіметінің негізгі қаржы агенті және елдің басты даму институты ретінде таныстырды. Ол холдингтің еншілес ұйымдары арқылы жүзеге асырылатын мемлекеттік қолдау тетіктеріне тоқталды. Бұл тетіктер өнеркәсіп, экспорт, агроөнеркәсіп кешені, шағын және орта бизнес, венчурлік инвестициялар мен ипотекалық несиелеу бағыттарын қамтиды.
Тимур Онжанов сондай-ақ China Development Bank, CICC, Sinosure және China Construction Bank сияқты Қытайдың қаржы институттарымен табысты ынтымақтастықты атап өтті. Бұл әріптестіктер аясында Қазақстанда бірқатар инфрақұрылымдық және өндірістік жобалар қаржыландырылды.
«Қазақстан мен Қытай арасындағы серіктестікті кеңейтуге әлеует мол. «Бәйтерек» холдингі Қытай инвесторлары үшін қаржыландыру мен сақтандырудан бастап инвестициялық жобаларды сүйемелдеуге дейін кешенді шешімдер ұсынатын бірыңғай терезе болуға дайын. Біз ынтымақтастықтың жаңа форматтарына ашықпыз және қытайлық серіктестерімізді өзара іс-қимылды тереңдетуге шақырамыз», — деді Тимур Онжанов.
Сонымен қатар, ол холдингтің 2025 жылы экономиканың басым бағыттарын қолдауға 16,2 миллиард АҚШ долларынан астам қаржы бағыттауды жоспарлап отырғанын, ал 2027 жылға қарай бұл көрсеткіш 20,5 миллиард АҚШ долларына жетуі мүмкін екенін хабарлады.
Chengdu Finance Week: AIFC Day — Астана халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) ірі роудшоуының бір бөлігі болды және Чэнду қаласындағы «Қаржы мен инновациядағы жеке шешімдер» сериясы аясында өтті. Форум барысында АХҚО әкімшілігі мен Қытайдың Инновациялық қаржы институты (CIFI) арасында стратегиялық әріптестік туралы меморандумға қол қойылды, сондай-ақ AIX пен CIFI арасында капитал нарықтарын дамыту бойынша келісімге қол жеткізілді.
Іссапар аясында делегация Сычуань провинциясының HarmonyOS Innovation Center, Chengdu Sci-Tech Innovation Eco-Island, Bailuwan Science and Technology Eco Park және Jiaozi қаржы ауданы сияқты бірқатар іргелі инновациялық нысандарын аралап, смарт қалалар, жасыл және цифрлық қаржыландыру салаларындағы жаңа технологиялармен танысты.