24.11.2026
- Холдинг туралы
- Тұрақты даму
Кеңес ал!
Астанада дипломатиялық миссия басшыларымен кездескен «Бәйтерек» ұлттық инвестициялық холдингі Басқарма төрағасының орынбасары Тимур Онжанов шетелдік компаниялар Қазақстанда өндіріс ашу мүмкіндігін қарастыра бастаған кезде-ақ Холдингті осы жұмысқа тартуды ұсынды. Ол бұл ұсынысын Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі мен «Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) ұйымдастырған AIFC Diplomatic Day инвестициялық диалогында айтты.
Кездесуді ашқан Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді инвестиция тартудағы экономикалық дипломатияның рөлін атап өтті. АХҚО басқарушысы Ренат Бектұров Орталықтың халықаралық капитал нарықтарына шығу үшін қандай мүмкіндіктер ұсынатынын таныстырды. Alatau City Authority ұйымының бас атқарушы директоры Әлішер Әбдіқадыров Алатау қаласының инвестициялық мүмкіндіктеріне тоқталды. Қазақстан инвесторлары қауымдастығының басқарма төрағасы Рустам Жүрсінов еліміздің инвестициялық әлеуеті туралы талдамалық баяндама ұсынды.
«Қазақстанда табысты іске асқан көптеген инвестициялық жоба елшіліктегі әңгімеден басталған. Елшілер мен экономикалық бөлімдердің басшылары өз елдеріндегі компанияларды жақсы біледі әрі елдеріміз арасындағы сауданы дамытуға көмектеседі. Егер қандай да бір компания Қазақстанда өндіріс ашуды қарастырып жүрсе немесе сауда серіктесін не тауар жеткізушіні іздестірсе, бізді сол компаниямен тікелей таныстырсаңыздар, қуанышты болар едік. Жобаларды іске асыруда жинаған тәжірибеміз бұл жұмысқа ерте кезеңнен араласуға мүмкіндік береді», – деді Тимур Онжанов.
Оның айтуынша, Холдинг кәсіпорынға ұзақ мерзімді кредит беру, лизинг ұсыну немесе оның капиталына қатысу мүмкіндігін қарастыра алады. Зауыт іске қосылған кезде жаңа кәсіпорынның тапсырыстарын орындайтын жергілікті жеткізушілерге де қолдау қажет болуы мүмкін. 2025 жылы Холдинг 104 ірі жобаны қаржыландырып, шағын және орта бизнестің 27,4 мың кәсіпорнына қолдау көрсетті.
«Жеке инвесторларға жобаны өз бетінше қаржыландыру қиын болған кезде біз қолдау көрсетеміз. Кейбір кәсіпорындарға ұзақ мерзімді кредит қажет болса, енді бірінің кепілге қоятын мүлкі жеткіліксіз. Кейде ірі жобаға халықаралық инвесторларды тарту үшін алдымен жобаның өзін пысықтау қажет. Мұндай жағдайда біз жобаға бірлескен инвестор ретінде қатысуға, тәуекелді серіктестерімізбен бөлісуге және өзге даму институттарымен бірге қаржыландыруды ұйымдастыруға дайынбыз. Осылайша жобаға қосымша жеке капитал тарта аламыз», – деді Холдинг Басқарма төрағасының орынбасары.
Тимур Онжанов өнеркәсіп өндірісін жергіліктендіру, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу және логистикалық инфрақұрылымды дамыту бағыттарында бірлесіп жұмыс істеуге болатынын атап өтті. Ол мысал ретінде өңдеу саласындағы жобаны келтірді. Бұл жобада шетелдік сатып алушы өнімге қойылатын талаптарды алдын ала белгілеп, кәсіпорынның экспорт нарығына шығуына жол ашады. Өнімді өткізу туралы осындай уағдаластық болашақ өндірісті қаржыландыруды негіздеуге көмектеседі.