25.09.2024 18:57:00
- Холдинг туралы
5 қыркүйек – Алаш қозғалысының қайраткері, ғалым, түркітанушы, қазақ тіл білімінің атасы Ахмет Байтұрсынұлының туған күні. Ұлт ұстазының құрметіне орай бұл күн елімізде – Қазақстан халқы тілдері күні болып бекітілген. Осы айтулы күнге орай «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінде «Тіл және менің жетістігім» тақырыбында шеберлік сағаты өтті.
Кездесуге қазақ тілін насихаттап, мәртебесін арттырып жүрген елжандылардың бірі, «Шапағат», «Мейірім» медальдарының және «Қазақстан халқы Ассамблеясына 25 жыл» мерейтойлық төсбелгісінің иегері Алла Платонова арнайы шақырылды.
Іс-шара барысында Алла Платонова холдинг қызметкерлерін «Қазақша сөйле» авторлық жобасымен таныстырып, қазақ тілін меңгеру әдіс-тәсілдерімен бөлісті. Сондай-ақ, қатысушылар мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге бағытталған пікірлерін ортаға салды.
«Молдаван болсам да, қазақ тілін, мәдениетін, салт-дәстүрін жоғары қоямын, себебі Молдовада емес, Қазақстанда тудым. Қазақ жері – бірлік пен татулықтың мекені. Біз бір-бірімізді қолдап, бірге нәтижеге жетуіміз керек. Көп тілді білу жақсы. Бірақ Қазақстан азаматы үшін басымдық қазақ тілі және қазақ тілінде сөйлеу мақтаныш болуы тиіс», - деп, өз ойымен бөлісті.
Өз кезегінде, қатысушылар кездесу қонағына өз алғыстарын білдірді. Осылайша, бұл кездесу қызметкерлерге серпіліс сыйлап, ана тілімізге деген құрметті одан әрі арттыра түскені сөзсіз.