24.07.2026
- Холдинг туралы
- Тұрақты даму
Кеңес ал!
24 шілдеде «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Тимур Онжанов Үнді өнеркәсібі конфедерациясының (Confederation of Indian Industry, CII) және энергетика, инфрақұрылым, денсаулық сақтау, өнеркәсіп пен қаржы салаларында жұмыс істейтін жетекші үнді компанияларының өкілдерімен кездесу өткізді. Делегация құрамына Export-Import Bank of India (India Exim Bank), KEC International, Yashoda Medicity, NephroPlus, Lilavati Hospital және басқа да компанияларды қоса алғанда, 12 ұйымның өкілдері кірді.
Кездесу барысында тараптар инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту және Қазақстанда бірлескен жобаларды іске асыру мүмкіндіктерін талқылады. Энергетикалық және коммуналдық инфрақұрылым, көлік, денсаулық сақтау, тау-кен өнеркәсібі салаларындағы өзара іс-қимылды дамытуға, сондай-ақ экспорттық және жобалық қаржыландыру тетіктеріне ерекше назар аударылды.
Кездесуді аша отырып, Тимур Онжанов «Бәйтерек» холдингі Қазақстанның негізгі даму институты ретінде тұрақты бизнес-модельге, экономикалық тұрғыдан негізделген және ұзақ мерзімді даму әлеуетіне ие бастамаларды қарастыруға дайын екенін атап өтті.
«Үндістан – Қазақстанның маңызды экономикалық серіктестерінің бірі. Біз инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту үшін елеулі әлеуетті көріп отырмыз. «Бәйтерек» холдингі өнеркәсіптің, инфрақұрылымның, денсаулық сақтау жүйесінің және экономиканың басқа да басым салаларының дамуына ықпал ететін жобаларды іске асыруға мүдделі», – деді Тимур Онжанов.
Холдинг қызметінің таныстырылымы барысында делегация мүшелеріне 2025 жылғы қызмет қорытындылары мен 2026 жылғы ағымдағы көрсеткіштер ұсынылды. Сонымен қатар инвестициялық жобаларды қолдауға арналған қаржы құралдары, оның ішінде жобалық және экспорттық қаржыландыру, кепілдіктер, үлестік қаржыландыру, шағын және орта бизнесті, агроөнеркәсіптік кешенді және инфрақұрылымдық бастамаларды қолдау тетіктері таныстырылды.
Сондай-ақ тараптар India Exim Bank-пен бірлесіп қаржыландыру, кредиттік желілер, кепілдіктер мен саудалық қаржыландыру құралдары бойынша ынтымақтастық перспективаларын, сондай-ақ үнді компанияларының қатысуымен бірлескен инвестициялық жобалар портфелін қалыптастыру мәселелерін талқылады.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар нақты инвестициялық бастамаларды пысықтау бағытындағы өзара іс-қимылды жалғастыруға уағдаласты. Қызығушылық танытқан компаниялар өз жобалық ұсыныстарын ұсынады деп жоспарлануда. Осыдан кейін Холдингтің бейінді еншілес ұйымдары жобаларды қаржыландыру мен сүйемелдеудің ең тиімді тетіктерін айқындайтын болады.