30.06.2026
- Холдинг туралы
- Тұрақты даму
Кеңес ал!
29 маусым күні Астанада «Бәйтерек» ұлттық инвестициялық холдингі» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Тимур Онжанов WILO AMEA компаниясының өңірлік бас директоры Йенс Даллендёрфер бастаған делегациямен жұмыс кездесуін өткізді.
Тараптар кездесу барысында коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту, энергия үнемдейтін технологияларды енгізу, сорғы жабдықтары өндірісін жергіліктендіру, сондай-ақ Қазақстанда өндірілетін өнімнің экспорттық әлеуетін кеңейту бағыттарындағы екіжақты ынтымақтастық перспективаларын талқылады.
Кездесуді аша отырып, Тимур Онжанов WILO компаниясының Қазақстанда 20 жылдан астам уақыт бойы табысты жұмыс істеп келе жатқанын және оның Қазақстан мен Германия арасындағы тиімді өнеркәсіптік ынтымақтастықтың жарқын үлгілерінің бірі екенін атап өтті.
«Жергілікті өндірісті дамыту және заманауи инженерлік шешімдерді енгізу Қазақстан экономикасының тұрақтылығын арттырудың маңызды шарттарының бірі. Біз WILO компаниясының еліміздегі қызмет аясын кеңейтуге деген ұмтылысын құптаймыз және отандық өнеркәсіпті дамытуға, коммуналдық инфрақұрылымды жаңғыртуға әрі Қазақстанның экспорттық әлеуетін нығайтуға ықпал ететін жобаларды қолдауға дайынбыз», – деді ол.
Кездесуде 2025–2029 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі ұлттық жобасын іске асыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.
«Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі ұлттық жоба сумен жабдықтау, су бұру және жылумен жабдықтау салаларына заманауи технологиялық шешімдерді енгізуге кең мүмкіндік береді. Біз Қазақстанда өндірісті жергіліктендіруге және инфрақұрылымды жаңғыртудың ұзақ мерзімді міндеттеріне сәйкес келетін энергия тиімді жабдықты ұсынуға дайын өндірушілерді тартуға мүдделіміз. WILO компаниясының тәжірибесі мен құзыреті Ұлттық жоба аясындағы жобаларды іске асыру барысында сұранысқа ие болады деп сенемін», – деді «Бәйтерек» ҰИХ» АҚ басқарушы директоры Руслан Төлегенов.
WILO AMEA компаниясының өңірлік бас директоры Йенс Даллендёрфер өңірдегі компанияның жергілікті нарықтарға арналған жергілікті өндірісті дамытуға негізделген стратегиясын таныстырды. Осыған байланысты компания Қазақстандағы өндірістік қуаттарды одан әрі кеңейту, жергіліктендіру деңгейін арттыру және отандық өндірушілердің қатысуымен жеткізу тізбегін қалыптастыру мүмкіндіктерін қарастырып жатқанын айтты.
«WILO Central Asia» ЖШС-нің бас директоры Азат Джалаиров Алматы облысында орналасқан кәсіпорынның бүгінде Орталық Азия мен Кавказдың тоғыз еліне қызмет көрсететін өңірлік өндірістік және сервистік орталыққа айналғанын атап өтті. Сондай-ақ компания өңірді бизнесті одан әрі дамыту үшін перспективалы алаң ретінде қарастыратынын жеткізді.
Өз кезегінде «Бәйтерек» холдингі инвестициялық жобаларды іске асыруға арналған мемлекеттік қолдау құралдарын таныстырды. Атап айтқанда, Қазақстанның Даму Банкі арқылы қаржыландыру, «Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы» АҚ арқылы инфрақұрылымдық жобаларды облигациялық қаржыландыру, «Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі» АҚ арқылы экспорттық жеткізілімдерді сақтандыру, сондай-ақ «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ мен Qazaqstan Investment Corporation қатысуымен жеткізушілерді қолдау және өндірісті жергіліктендіру тетіктері қарастырылды.
«Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Олжас Салықов энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі ұлттық жобаның іске асырылу барысы туралы ақпарат беріп, коммуналдық инфрақұрылым жобаларын жүзеге асыру кезінде WILO компаниясының энергия тиімді сорғы жабдықтарын қолданудың әлеуетіне тоқталды.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту, жергілікті өндірісті дамыту және Қазақстан аумағында жұмыс істейтін кәсіпорындардың экспорттық мүмкіндіктерін кеңейту бағытындағы нақты ынтымақтастық жобаларын пысықтау бойынша өзара іс-қимылды жалғастыруға мүдделі екендіктерін білдірді.