08.04.2025
- Холдинг туралы
Кеңес ал!
«Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ Басқарма Төрағасы Рустам Қарағойшин Қазақстандағы Ұлыбританияның Төтенше және Өкілетті Елшісі Кэти Лич ханыммен кездесу өткізді.
Іс-шараға Ұлыбритания Елшілігінің өкілдері, соның ішінде экономика және климаттың өзгеруі мәселелері жөніндегі Бірінші хатшы Кэтрин Котрэл, сондай-ақ «Бәйтерек» холдингінің басшылығы қатысты.
Кездесу барысында тараптар Ұлттық инфрақұрылымдық жоспар мен энергетика және коммуналдық секторды жаңғырту жөніндегі Ұлттық жобаны іске асыру аясындағы екіжақты ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылады.
Рустам Қарағойшин халықаралық әріптестіктің маңыздылығын атап өтіп, Холдингтің инвестициялық ынтымақтастықты кеңейтуге белсенді ықпал етуге дайын екенін жеткізді.
«Бәйтерек» холдингі британдық инвестициялар мен озық тәжірибені тартуға қажетті барлық қолдау мен жағдайды қамтамасыз етуге дайын. Өзара ынтымақтастығымыз маңызды жобаларды тиімді іске асыруға және екіжақты экономикалық байланыстарды нығайтуға мүмкіндік береді, – деді Рустам Қарағойшин.
Өз кезегінде Кэти Лич Ұлыбритания тарапынан өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға қызығушылық бар екенін білдіріп, екі ел арасындағы экономикалық байланыстарды нығайтуға жәрдемдесуге дайын екенін растады.