08.08.2025
- Холдинг туралы
Кеңес ал!
2025 жылғы 7 тамызда «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ мен қытайлық Xinjiang Li Hua Group компаниясының еншілес ұйымы – «Kazakhstan Lihua» ЖШС арасында ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды. Аталған компания Түркістан облысында мақта өсіруден бастап, оны өңдеп, дайын тоқыма өнімдерін экспорттауға дейінгі толық өндірістік циклді қамтитын жобаны іске асырады.
Құжатқа «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Жандос Шайхы мен «Kazakhstan Lihua» ЖШС Бас директоры Сюй Цзе қол қойды.
Тараптар мақта өсіру бойынша агроөнеркәсіптік жобаларды іске асыру аясында ынтымақтастықты дамытуға, сондай-ақ өндірістік қуаттарды құру және жетілдіру бағытында бірлесіп жұмыс істеуге уағдаласты. Бұған тамшылатып суаруға арналған ленталар мен ПВХ құбырларын шығару, мақтаны өңдеу, иіру, тоқу, бояу және тігін фабрикаларын салу және пайдалану, сондай-ақ дайын өнімді экспортқа шығару кіреді.
«Толық өндірістік тізбекті қалыптастырып, экспорттық әлеуетті іске асыруға бағытталған кешенді индустриялық-аграрлық жобаларды қолдау – Холдингтің басым бағыттарының бірі. Біз заманауи технологияларды қолданатын және Қазақстанда қосылған құн жасайтын инвесторлармен стратегиялық әріптестік орнатуға мүдделіміз», – деп атап өтті Жандос Шайхы.
Анықтамалық ақпарат
Xinjiang Lihua (Group) Co., Ltd. – Қытайдағы аграрлық индустрияландыру және тоқыма өндірісі саласындағы ең ірі компаниялардың бірі. Мақтаны терең өңдеу және тұқым таңдаудан бастап дайын тоқыма өнімдерін шығаруға дейінгі толық өндірістік циклді басқару бойынша маманданған. Компанияның жылдық айналымы шамамен 20 млрд юаньды (шамамен 2,8 млрд АҚШ доллары) құрайды, бұл оның саладағы жетекші ойыншылардың бірі екенін дәлелдейді.