15.01.2026
- Холдинг туралы
- Тұрақты даму
Кеңес ал!
«Бәйтерек» ұлттық инвестициялық холдингі» акционерлік қоғамы мен Халықаралық бағдарламалар орталығы Қазақстан экономикасының басым салалары үшін жоғары білікті кадрларды даярлау және оларды тарту бағытындағы өзара іс-қимылды дамытуға арналған ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Кездесуге Холдинг тарапынан Басқарма төрағасы Рустам Қарагойшин, Басқарма төрағасының орынбасары Үсен Галым және аппарат басшысы Дина Акрачкова қатысты.
Халықаралық бағдарламалар орталығынан Басқарма төрағасы Әділ Құсманов пен Басқарма төрағасының орынбасары Қайсар Еркінбаев қатысты.
Өз сөзінде Рустам Қарагойшин Холдингтің инвестициялық трансформациясы аясында адами капиталды дамытудың жүйелі тәсілінің маңыздылығына тоқталды.
«Адами капиталды дамыту және заманауи басқарушылық әрі технологиялық тәсілдерді енгізу – экономиканың орнықты өсуін қамтамасыз ететін негізгі шарттар. Қол қойылған меморандум халықаралық даярлығы бар мамандардың әлеуетін инвестициялық және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға, ең алдымен экономиканың басым секторларында, тиімді түрде тартуға мүмкіндік береді», – деді ол.
Өз кезегінде Әділ Құсманов «Болашақ» бағдарламасын экономиканың және еңбек нарығының нақты қажеттіліктерімен үйлестірудің маңызын атап өтіп, оның нысаналы бағытына назар аударды. Сондай-ақ ол «Болашаққа көпір – мансаптық мүмкіндіктер экожүйесі» жобасын таныстырды. Бұл жоба әлемнің жетекші университеттерінде білім алған стипендиаттардың алған білімдері мен құзыреттерін елдің әлеуметтік-экономикалық міндеттерін шешуге тиімді пайдалануға бағытталған.
Қол қойылған меморандум кадрларды даярлау, «Болашақ» бағдарламасы түлектерін әлеуетті жұмысқа орналастыру, сондай-ақ Холдинг мамандарының қатысуымен тәлімгерлік пен сараптамалық сүйемелдеу тетіктерін дамыту бағыттарындағы ынтымақтастықты көздейді.
Тараптар серіктестікті одан әрі тереңдетуге дайын екендерін білдіріп, меморандумды іске асыру мансаптық мүмкіндіктердің орнықты экожүйесін қалыптастыруға және білім беру жүйесі мен экономиканың нақты секторы арасындағы өзара байланысты нығайтуға ықпал ететінін атап өтті.