19.12.2024
- Холдинг туралы
«Бәйтерек» ҰБХ» АҚ Басқарма төрағасы Қанат Шарлапаев Еуропалық инвестициялық банк (ЕИБ) өкілдерімен кездесу өткізді.
Кездесуге ЕИБ-нің Орталық Азия бойынша бас кеңесшісі Адам Бруун, Еуроодақтың Қазақстан Республикасындағы өкілдігінің қызметкерлері, Холдингтің Басқарма төрағасының орынбасарлары, сондай-ақ еншілес ұйымдар – «Қазына Капитал Менеджмент» АҚ (ҚКМ), «Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы» АҚ (ҚТК), «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ, «Аграрлық несие корпорациясы» (АНК) басшылары қатысты.
Қанат Шарлапаев қонақтарға «Бәйтерек» холдингінің кәсіпкерлікті, отандық экспортты, агроөнеркәсіптік кешенді және құрылыс саласын қолдау бойынша жұмысы туралы егжей-тегжейлі таныстырды.
Кездесу барысында екіжақты ынтымақтастықты кеңейту жайы талқыланды. Атап айтқанда, климаттың өзгеруі саласындағы қазақстандық жобаларға, сондай-ақ жаңартылатын энергия көзлдері саласындағы инвестициялық жобаларға микрокредит беру үшін инвестициялық грант және техникалық көмек беру туралы сөз болды.
- Біз «Бәйтерек» холдингімен ынтымақтастықты Қазақстандағы шағын және орта бизнеске, сондай-ақ микроқаржы ұйымдарына қолдау көрсету бағытында жүргіземіз. Біз ШОБ-қа климаттың өзгеруімен күрес жүргізуге барынша дайын әрі тұрақты болуы үшін қолдау көрсеткіміз келеді. Сондай-ақ, тұрғын үй құрылысы саласындағы энергия тиімділік бойынша ынтымақтастық орнатуды жоспарлап отырмыз, өйткені қоршаған ортаға шығарылатын көміртегін айтарлықтай азайту үшін Қазақстанның әлеуеті зор, - деді Адам Бруун.
Осыған байланысты, «Бәйтерек» холдингі ЕИБ-ге Нұр-Сұлтан қаласында энергия тиімділігі жоғары көппәтерлі тұрғын үй кешенін салу жобасын іске асыру мүмкіндігіне қатысты келіссөздерді жалғастыруды ұсынды.
Адам Браун халықаралық қаржы институты барлық жағынан ынтымақтастық орнату жолдарын қарастыруға әзір екенін атап өтті және өзара тиімді диалогты жалғастыруға мүдделілі екенін білдірді.