21.07.2026
- Холдинг туралы
- Тұрақты даму
Кеңес ал!
21 шілдеде «Бәйтерек» ұлттық инвестициялық холдингі» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Тимур Онжанов Қытайдың мемлекеттік China Minmetals Corporation корпорациясының вице-президенті Сюй Цзицинмен (Xu Jiqing) кездесу өткізді.
Тараптар өнеркәсіп, тау-кен өндірісі, шикізатты терең өңдеу салаларындағы ынтымақтастықтың келешегін, сондай-ақ Холдинг пен оның еншілес ұйымдарының қаржы құралдарын пайдалану арқылы инвестициялық жобаларды қаржыландыру тетіктерін талқылады.
Холдинг өкілдері экономиканы әртараптандыруға, өңдеу өнеркәсібін дамытуға және шетелдік инвестицияларды тартуға бағытталған жобаларды қолдау тәсілдерін таныстырды. Сонымен қатар жобаларды іске асырудың әртүрлі кезеңдерінде қаржыландыру мүмкіндіктеріне ерекше назар аударылды.
«Біз үшін Қазақстанда өңдеу өндірістерін дамытуға және жаңа өнеркәсіптік жобаларды іске қосуға қолайлы жағдай жасау маңызды. Холдинг инвестициялық жобаларды іске асырудың барлық кезеңінде сүйемелдеуге мүмкіндік беретін қаржы құралдарының кең ауқымына ие», - деді Тимур Онжанов.
Өз кезегінде China Minmetals өкілдері тау-кен металлургиясы саласындағы перспективалы жобаларды қаржыландыру және инвестициялық әріптестікті дамыту бағытында Қазақстанның Даму Банкімен ынтымақтастық орнатуға қызығушылық білдірді.
«Біз өнеркәсіптік сараптаманы, технологияларды, құрылыс, логистика және қаржылық шешімдерді біріктіретін жобаларды бірлесіп іске асыруға мүдделіміз. Мұндай бастамаларды табысты жүзеге асыру үшін сенімді жергілікті серіктес қажет. Осыған байланысты Қазақстандағы ынтымақтастықты дамытуға ашықпыз», - деді Сюй Цзицин.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ынтымақтастықты одан әрі дамытуға және тау-кен металлургиясы кешеніндегі перспективалы жобаларды бірлесіп пысықтауға өзара қызығушылықтарын растады.
Анықтамалық ақпарат
China Minmetals Corporation - Қытайдың ең ірі мемлекеттік өнеркәсіптік корпорацияларының бірі. Fortune Global 500 рейтингінде 86-орында тұр. Компания әлемнің 60-тан астам елінде жобаларды жүзеге асырады. Оның активтер қоржынына Las Bambas (Перу), Dugald River (Аустралия), Ramu (Папуа - Жаңа Гвинея) және Khoemacau (Ботсвана) сияқты ірі тау-кен кен орындары кіреді. Корпорация пайдалы қазбаларды өндіру, металлургия, құрылыс, логистика, сауда және қаржылық қызметтер салаларында жұмыс істейді. Компания үшін мыс, мырыш, никель, кобальт және басқа да стратегиялық металдарды өндіру мен өңдеу бағытындағы жобалар басымдыққа ие.