27.07.2026
- Холдинг туралы
- Тұрақты даму
Кеңес ал!
Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыровтың жетекшілігімен қазақстандық делегацияның Марокко Корольдігіне жасаған ресми сапары аясында елдің негізгі мемлекеттік органдары мен жетекші компанияларының басшыларымен бірқатар кездесулер өтті.
Қазақстандық делегация құрамында «Бәйтерек» ұлттық инвестициялық холдингі» АҚ басқарушы директоры Айдын Ақан болды.
Кездесулер барысында Марокконың Өнеркәсіп және сауда министрі Рияд Меззурмен, Инвестициялар министрі Карим Зиданмен, Ауыл шаруашылығы министрлігінің Бас хатшысы Редуан Аррачпен, сондай-ақ ірі марокколық компаниялардың өкілдерімен сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту, өнеркәсіптік кооперацияны дамыту, агроөнеркәсіптік кешендегі өзара іс-қимылды нығайту және бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру перспективалары талқыланды.
Айдын Ақан Қазақстан мен Марокконың өнеркәсіп, агроөнеркәсіптік кешен және жоғары қосылған құны бар өнім өндірісі салаларындағы ынтымақтастықты кеңейту үшін әлеуеті зор екенін атап өтті. Оның айтуынша, фосфор тыңайтқыштарын өндіруде әлемдік көшбасшы саналатын OCP компаниясымен әріптестік орнату ерекше қызығушылық тудырады. Қазақстан фосфат шикізатының мол қорына ие болса, Марокко озық технологиялар мен халықаралық тәжірибеге ие. Бұл Орталық Азия мен өзге де өңірлердің нарығына бағытталған бірлескен өндірісті жолға қоюға мүмкіндік береді.
«Біз Марокконың автомобиль өнеркәсібін дамытудағы табысты тәжірибесіне де ерекше назар аударып отырмыз. Өндірісті жергіліктендірудің жоғары деңгейі мен инвестиция тартудың тиімді тетіктері Қазақстанның индустриялық жобаларын іске асыру барысында маңызды тәжірибе бола алады», – деді Айдын Ақан.
«Бәйтерек» холдингінің аталған кездесулерге қатысуы халықаралық инвестициялық ынтымақтастықты дамытуға, шетелдік даму институттарымен серіктестікті нығайтуға және Қазақстан мен Марокко үшін өзара тиімді жобаларды іске асырудың жаңа мүмкіндіктерін айқындауға бағытталған.