01.08.2025
- Холдинг туралы
Кеңес ал!
2025 жылғы 31 шілдеде «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінде корпоративтік басқару мәселелеріне арналған воркшоп өтті. Іс-шараға холдингтің жалғыз акционері – Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті (ММЖК) басшылығы, сондай-ақ KPMG Kazakhstan сарапшылары қатысты.
Холдингтің Басқарма төрағасының орынбасары Тимур Онжанов өз сөзінде корпоративтік басқару саласындағы жаһандық трендтерге тоқталып, мемлекеттік органдармен тығыз ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті:
«Бүгінде корпоративтік басқарудың жаңа жаһандық нормасы ретінде мүдделі тараптар капитализмі (stakeholder capitalism) тұжырымдамасына ерекше назар аудару қажет. Дүниежүзілік экономикалық форумның деректеріне сәйкес, компаниялардың ұзақмерзімді тұрақтылығы олардың акционерлер, қызметкерлер, клиенттер, қоғам және қоршаған орта сияқты барлық мүдделі тараптардың мүдделерін ескере білуіне тікелей байланысты», — деді ол.
KPMG сарапшылары корпоративтік басқару стандарттарының әлемдік эволюциясына шолу жасап, Қазақстандағы қалыптасу кезеңдері мен заңнамалық және реттеуші бастамаларды таныстырды. Сонымен қатар, ESG қағидаттарының даму драйверлері және квазимемлекеттік сектордағы корпоративтік басқару ерекшеліктері талқыланды.
Корпоративтік басқару мәселелері алғаш рет мемлекеттік органдар, Холдинг және тәуелсіз сарапшылар өкілдерінің ашық әрі сындарлы диалогы форматында қаралды. Бұл өз кезегінде негізгі сын-қатерлер мен күтулерді анықтауға және болашақтағы өзара іс-қимыл бағыттарын айқындауға мүмкіндік берді.
ММЖК төрағасының орынбасары Холдинг бастамасын жоғары бағалап, оның тәжірибелік маңыздылығын атап өтіп, мұндай форматтағы іс-шараларға тұрақты түрде қатысуға дайын екенін білдірді.
Талқылаудың негізгі тақырыптары ретінде Холдинг тарапынан Типтік корпоративтік басқару кодексі нормаларының қолданылуы, ESG факторларын корпоративтік тәжірибеге интеграциялау, директорлар кеңестерінің тиімділігін бағалау тетіктері, сондай-ақ IFRS S1 және S2 сияқты халықаралық тұрақтылық стандарттарын енгізу мәселелері қарастырылды.
Холдингтің корпоративтік басқарудың жетілген моделін жүйелі түрде қалыптастырып жатқаны атап өтілді. Еске сала кетейік, тәуелсіз бағалау нәтижесі бойынша Холдингтің корпоративтік стандарттарға сәйкестік деңгейі 2021 жылғы 97%-дан 2023 жылы 98,8%-ға дейін артты. Қазіргі уақытта 2026 жылы жоспарланған кезекті тәуелсіз бағалауға дайындық басталып отыр.
Аталған іс-шара Холдингтің институционалдық тұрақтылықты нығайту және корпоративтік басқару стандарттарын үздік халықаралық тәжірибелерге сәйкес арттыру жолындағы тағы бір нақты қадамы болды.