15.11.2025 08:00:00
- Холдинг туралы
- Тұрақты даму
Кеңес ал!
13 қараша күні «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ-да Холдингтің Басқарма Төрағасы Рустам Қарагойшиннің төрағалығымен Карағанды облысы әкімдігі делегациясының қатысуымен өңірдің инвестициялық бастамалары мен өнеркәсіптік әлеуетін дамыту мәселелеріне арналған кеңес өтті.
Іс-шараға Холдинг пен оның еншілес ұйымдарының басшылығы, Карағанды облысы әкімінің орынбасары Ораз Таурбеков, сондай-ақ салалық басқармалар мен өңір бизнесінің өкілдері қатысты.
Кеңес барысында өңір делегациясы жеңіл өнеркәсіп, арнайы киім мен жеке қорғаныс құралдарын өндіру, тұрмыстық техника, құрылыс және әрлеу материалдары, шикізатты қайта өңдеу, сондай-ақ агроөнеркәсіптік кешен бағыттары бойынша бірқатар жобаларды ұсынды. Импортты алмастыруға және жергілікті өндірістік тізбектерді қалыптастыруға бағытталған бастамаларға ерекше назар аударылды.
Айта кетейік, 2026 жылдан бастап Қазақстанда «Инвестицияларға сұраныс» атты жаңа мемлекеттік бағдарлама іске қосылады. Оның орындалуындағы негізгі оператор – «Бәйтерек» холдингі. Бағдарлама ел үшін қажетті нақты өндірістік жобалар пулын қалыптастыруға бағытталған, ал Холдинг өміршең, экономикалық нәтиже бере алатын бастамаларды іріктеп, сүйемелдеу функциясын орындайды.
Холдингтің еншілес ұйымдары – Қазақстанның Даму Банкі, Өнеркәсіпті дамыту қоры, Qazaqstan Investment Corporation, Аграрлық несие корпорациясы, «Даму» қоры және Қазақстан тұрғын үй компаниясының өкілдері жобаларды әрі қарай қарастыруға қатысты өз тәсілдерін таныстырды. Атап айтқанда, технологиялық дайындық деңгейі, бизнес-модельдердің сапасы және жобалардың ауқымдауға жарамдылығы бойынша талаптар талқыланды.
Холдинг Басқарма Төрағасы Рустам Карагойшин өңірлік бастамаларды дайындалу кезеңінен бастап жан-жақты бағалау қажет екенін атап өтті.
«Жобаны қарастыру үшін идеяның болуы жеткіліксіз — оның нақты жүзеге асу мүмкіндігі айқын болуы тиіс. Біз үшін қолдау құралдарына шынымен де бәсекеге қабілетті өнім шығара алатын және тұрақты экономикалық нәтиже қалыптастыратын жобалардың өтуі маңызды», — деді ол.
Кеңес қорытындысы бойынша тараптар ұсынылған бастамалардың параметрлерін нақтылап, оларды Холдинг құралдары мен мемлекеттік инвестициялық саясат аясында әрі қарай қарастыру үшін бірлесіп пысықтауға уағдаласты.
Аталған кездесу Холдингтің өңірлермен жүйелі өзара іс-қимылының бір бөлігі болып табылады. Алдағы кезеңде «Бәйтерек» холдингі инвестиция тарту, өңірлік өндірісті дамыту, жобалық пулдарды қалыптастыру және жергілікті индустрияландыру әлеуетін бағалау мақсатында Қазақстанның барлық 19 өңірінің әкімдіктерімен осындай кеңестер өткізеді.