Сұрақ-жауап
1408 Call-орталығы

24.11.2026

«Бәйтерек» холдингі банктік кредиттеуді ынталандыруға және жанама қолдау шараларына 4,1 трлн теңге қарастырды

Кеңес ал!

24.11.2026

«Бәйтерек» холдингі банктік кредиттеуді ынталандыруға және жанама қолдау шараларына 4,1 трлн теңге қарастырды

«Бәйтерек» ұлттық инвестициялық холдингінде Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен экономиканың нақты секторын кредиттеу жөніндегі басқарушы жобалық офистің отырысы өтті. Холдингтің Басқарма төрағасы Рустам Карагойшин 2026 жылы банктік кредиттеуді ынталандыруға және жанама қолдау шараларына 4,1 трлн теңге қарастырылғанын хабарлады. Бұл тұрғын үй бағытын есепке алмағанда, экономиканы қолдауға жоспарланған 8 трлн теңгенің жартысынан астамын құрайды.

Рустам Карагойшин Холдингтің банктермен ынтымақтастығы екі міндетті шешуге мүмкіндік беретінін атап өтті. Біріншіден, кәсіпкерлер мемлекеттік қолдаумен кредит ала алады. Екіншіден, бірнеше қаржы институты қаражатын біріктіріп, ірі инвестициялық жобаларды қаржыландыра алады.

«2025 жылдың қорытындысы бойынша еншілес ұйымдарымыз екінші деңгейдегі банктермен бірлесіп, 6 490 кәсіпкерлік субъектісіне жалпы сомасы 3,56 трлн теңгеден астам қолдау көрсетті. Бірлесіп және синдикаттап қаржыландыру тетіктері жалпы құны шамамен 12 трлн теңгені құрайтын 20 инвестициялық жобаны қамтиды. Олардың бір бөлігі қазір іске асырылып жатыр, қалғанын алдағы уақытта жүзеге асыру көзделген. Бұл жобаларды қаржыландырудың жалпы көлемінің шамамен 43%-ын екінші деңгейдегі банктер мен халықаралық қаржы институттары қамтамасыз етіп отырғаны айрықша маңызды. Біз алдағы уақытта да банктер, халықаралық қаржы институттары және бизнес үшін бірыңғай инвестициялық платформа әрі тиімді серіктес болуға дайынбыз», – деді Холдинг басшысы.

Жоспарда көзделген 4,1 трлн теңгенің 2 трлн теңгесі кепілдік беруге, 1,1 трлн теңгесі кәсіпорындарды кредиттеу үшін банктерге қаражат беруге (шартты қаржыландыруға) бағытталады. Субсидиялау мен сақтандыруға 500 млрд теңгеден қарастырылған.

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің дерегінше, 2026 жылғы 1 қазанда банктердің бизнеске берген кредиттерінің портфелі 19,8 трлн теңгені құрады. Оның ішінде 4,2 трлн теңге Холдингтің қолдауымен шартты қаржыландыру, кепілдік беру және субсидиялау тетіктері арқылы берілген кредиттерге тиесілі.

Холдинг тікелей қаржыландыруды шикізаттық емес сектордағы ірі инвестициялық жобаларға шоғырландыруды жоспарлап отыр. Ал құны 15 млрд теңгеден төмен жобаларды негізінен екінші деңгейдегі банктерге жолдау көзделген. Орта бизнес үшін «Өрлеу» бағдарламасының мүмкіндіктері кеңейтілді. Бір жобаны қаржыландырудың шекті мөлшері 15 млрд теңгеге дейін ұлғайтылды.

Рустам Карагойшин инвесторлармен жұмыс істеудің жаңа үлгісін де таныстырды. Әр жобаға жеке менеджер бекіту жоспарланып отыр. Ол инвесторға өтініш берген кезден бастап, құрылыс барысында және кәсіпорын пайдалануға берілгеннен кейін де қолдау көрсетеді. Бірыңғай цифрлық жүйе арқылы Холдинг пен оның еншілес ұйымдары жобаның қай кезеңде тұрғанын, оған қандай қаржыландыру қажет екенін және қандай мәселелерді шешу керектігін көре алады.

Отырыста ипотекалық және венчурлік қаржыландыру, Аграрлық несие корпорациясының банктермен ынтымақтастығы, отандық экспорттаушыларды қолдау мәселелері, сондай-ақ энергетикалық және коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту барысы талқыланды.

Қосымша жаңалықтар

іс-шаралар
күнтізбесі

?

Іздегеніңізді
таппадыңыз ба?

  • Қазақстан Республикасы Президентінің ресми интернет-ресурсы
  • Қазақстан Республикасы Парламентінің ресми интернет-ресурсы
  • Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің ресми ақпараттық ресурсы
  • Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің ресми интернет-ресурсы
  • Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің ресми интернет-ресурсы
  • Қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейтуге бағытталған электронды ресурстар