12.05.2026
- Холдинг туралы
- Тұрақты даму
Кеңес ал!
«Бәйтерек» ұлттық инвестициялық холдингі» АҚ Басқарма төрағасы Рустам Қарагойшин Қазақстан Республикасы Үкіметінің отырысында 2026 жылғы көктемгі егіс және егін жинау науқанын қаржыландыру барысы жөнінде баяндама жасады.
«Кең дала 2» бағдарламасы аясында бүгінгі күнге дейін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге 534 млрд теңге көлемінде жеңілдетілген несие берілді. Бағдарлама арқылы 4,2 мыңнан астам шаруашылық қаржылай қолдауға ие болып, 6,4 млн гектардан астам егіс алқабы қамтылды. Маусым соңына дейін қаржыландыру көлемін 750 млрд теңгеге жеткізу жоспарланып отыр. Нәтижесінде 9 мыңға жуық шаруашылық пен 9 млн гектар егіс алқабы қамтылады. 2023 жылмен салыстырғанда көктемгі дала жұмыстарына бөлінетін қаражат көлемі бес есеге артқан.
Несиелер жылдық 5 пайыздық мөлшерлемемен 18 айға дейінгі мерзімге ұсынылады. Қаржыға қолжетімділікті арттыру мақсатында 36 айға дейін ашылатын кредиттік желі тетігі енгізілді. Бұл шаруаларға құжаттарды қайта жинамай-ақ қаржыны қайта пайдалану мүмкіндігін береді. Өтінім қабылдау 2025 жылдың қазан айынан бастап жүргізілуде, оның ішінде онлайн формат та қарастырылған. Қаржыландыру Аграрлық несие корпорациясы арқылы тікелей және серіктес қаржы ұйымдары арқылы жүзеге асырылады. Қазіргі таңда берілген несиелердің шамамен 72 пайызы осы қаржы институттары арқылы рәсімделген.
Кепіл мүлкі жеткіліксіз шаруашылықтарды қолдау үшін «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ кепілдік беру құралын іске асыруда. Бұл тетік несие сомасының 85 пайызына дейін кепілдік береді. Биыл маусым басталғалы 1 474 кепілдік рәсімделіп, соның нәтижесінде 246 млрд теңге көлемінде несие берілді. Бұл жалпы қаржыландыру көлемінің шамамен 46 пайызына тең. Аталған құрал алғаш рет 2024 жылы енгізіліп, сол жылы 76 млрд теңге көлемінде кепілдік берілсе, өткен жылы бұл көрсеткіш 201 млрд теңгеге дейін өсті.
«ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы жүзеге асырылатын жеңілдетілген лизинг бағдарламасы аясында жыл басынан бері жалпы сомасы 180 млрд теңгеге 5,1 мың бірлік ауыл шаруашылығы техникасы шаруаларға берілді. Оның ішінде 100 егіс кешені, 326 комбайн, 2,3 мың трактор және 2,3 мыңнан астам өзге техника бар. Лизингке берілген техниканың 90 пайызы – отандық өндіріс өнімі. Бағдарлама бойынша сыйақы мөлшерлемесі жылдық 5 пайызды құрайды, ал қаржыландыру мерзімі 10 жылға дейін қарастырылған. Жалпы, 2026 жылы ауыл шаруашылығы техникасының жеңілдетілген лизингіне кемінде 310 млрд теңге бөлу жоспарланған.
Қазіргі уақытта несие, кепілдік және ауыл шаруашылығы техникасын лизингке алу бойынша өтінімдерді қабылдау жалғасуда. «Бәйтерек» холдингі еншілес ұйымдарымен бірге 2026 жылғы егіс науқанын уақытылы әрі сапалы өткізу үшін агроөнеркәсіп кешенін қаржылай қолдау жұмыстарын жалғастырып келеді.