18.07.2025
- Холдинг туралы
Кеңес ал!
17–18 шілде күндері Ақмола облысындағы «Ақтық» агрофирмасының демонстрациялық алқаптарында еліміздегі ең ірі Jańa Dala / Green Day 2025 арнайы көрме-демонстрациясы өтті. Дала күні форматындағы дәстүрлі аграрлық форум 2013 жылдан бері өткізіліп келеді. Көрме ауыл шаруашылығындағы заманауи технологиялар, жоғары өнімді техника мен инновацияларды көрсетуге арналған еліміздегі ең ірі алаң болып табылады.
Биыл көрмеге Австрия, Ұлыбритания, Германия, Қытай, Нидерланды, АҚШ, Франция және Жапония секілді 20-дан астам елден 200-ден астам компания қатысты. Еліміздің ең ірі аграрлық іс-шарасына бес мыңнан астам маман қатысты.
Іс-шараға ауыл шаруашылығы саласының орнықты дамуына елеулі үлес қосып отырған «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі мен оның еншілес ұйымдарының басшылығы белсенді қатысты.
«Бүгінде еншілес ұйымдарымыздың портфелінде ондаған мың ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер бар. Өткен жылы біз фермерлерге 823 млрд теңгеден астам қаржы бөлдік, ал биыл бұл көрсеткіш 1 трлн теңгеге жетеді деп жоспарлап отырмыз. Бұл – Президент пен Үкіметтің тапсырмаларын іске асыру аясындағы жүйелі қолдауды айғақтайтын рекордтық көрсеткіш», – деді «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ басқарушы директоры Нияз Қошқымбаев.
«Аграрлық несие корпорациясы» АҚ (АНК) арқылы көктемгі егіс және күзгі жиын-терім жұмыстарына арналған жеңілдетілген несиелеуді қамтамасыз ететін «Кең дала» және «Кең дала 2» атты флагмандық бағдарламалар іске асырылып жатыр.
«2025 жылы бұл бағдарламалар аясында 7400-ден астам ауыл шаруашылығы тауарын өндірушіге 485 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен (131 млрд) 3,5 есе артық. Жалпы 490 млрд теңге игерілді, жыл соңына дейін тағы 70 млрд теңге тарту жоспарланып отыр. Жылдық мөлшерлемесі 5% және қарапайым рәсімделу тәртібі бұл бағдарламаларды ең көп сұранысқа ие етті», – деді АНК басқарма төрағасының орынбасары Ерлан Оспанов.
Қаржыландыру тікелей де, екінші деңгейлі банктер, микроқаржы ұйымдары, несие серіктестіктері және өңірлік инвестициялық орталықтар арқылы да жүзеге асырылады. Несиелердің қолжетімділігін арттыру мақсатында фермерлер несиенің 85%-ына дейінгі бөлігін жабатын «Даму» қорының кепілдігін ала алады. Портфельдік кепілдендірудің жаңа жүйесі рәсімді едәуір жеделдетті: енді фермер АНК-да мақұлданғаннан кейін құжаттарды қайта өткізбейді.
Бұдан бөлек, АНК ауыл шаруашылығы саласындағы ірі инвестициялық жобаларды (негізгі құралдар сатып алу, құрылыс-монтаж жұмыстары, айналым қаражатын толықтыру) жүзеге асыруға бағытталған «Агробизнес 2.0» бағдарламасын іске қосты. Бағдарламаның басты ерекшелігі – 12,6% көлеміндегі субсидиясыз, жасырын комиссиясыз, тұрақты мөлшерлеме. Бұл аграршыларға жобаларын сенімді жоспарлауға мүмкіндік береді.
Холдингтің еншілес ұйымы – «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы отандық ауыл шаруашылығы техникасын 5% жылдық мөлшерлемемен сатып алу үшін жеңілдетілген лизинг бағдарламасы жалғасуда. 2025 жылға 250 млрд теңге бөлінген. Қазіргі таңда 154 млрд теңгеге 3,7 мыңнан астам өтінім түсіп, 6 мың дана техника жеткізуге 118 млрд теңгеге 3,1 мыңнан астам шарт жасалды. Бағдарлама фермерлерді қолдап қана қоймай, отандық ауыл шаруашылығы машина жасау саласының дамуына серпін береді.
АНК тек маусымдық қаржыландырумен шектелмей, агросектордың орнықты дамуын қамтамасыз етуге бағытталған жаңа инвестициялық бағыттарды да дамытып келеді. Ауыл шаруашылығын қайта өңдеу, инфрақұрылымды дамыту, су үнемдеу технологияларын енгізу бағыттары бойынша Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп бағдарламалар әзірленуде.
Капитал сыйымдылығы жоғары жобаларды қаржыландыру үшін холдинг «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ (ҚДБ) мүмкіндіктерін пайдаланады.
«Бәйтерек» холдингінің құрамындағы даму институты ретінде ҚДБ қайта өңдеу, инфрақұрылым және экспорттық операцияларды қаржыландыруға бағытталған. Аграрлық секторда біз ет өңдеу, өсімдік майын өндіру, жылыжай шаруашылықтары сияқты ірі жобаларды қолдаймыз. Басты критерий – жобаның бейінділігі мен экономикалық өміршеңдігі», – деді ҚДБ басқарушы директоры Қасым Мұханбетов.
Қазақстанның даму институты қайта өңдеу және өндіріс саласында бірқатар ірі жобаларға қолдау көрсетті: Петропавл қаласындағы тәулігіне 1200 тонна тұқым өңдейтін зауыт, Абай облысындағы құйылған май өндірісін жаңғырту, Түркістан облысындағы жылына 23,3 мың тонна қызанақ өндіретін жылыжай кешені. Ет өндірісі бойынша – жылына 90 мың тонна ет өндіретін Макинск құс фабрикасы мен Алматы облысындағы толық циклді құс кешені (35 мың тонна).
Көрмеге қатысушылардың пікірінше, бұл салалық шара мемлекеттік қолдау құралдарының ауыл шаруашылығы тәжірибесіне нақты енгізілгенін көрсетті. «Бәйтерек» холдингі мен оның еншілес ұйымдарының қатысуы фермерлерді қолдау – тек маусымдық қаржыландыру емес, қайта өңдеу, технология және инфрақұрылым салаларына бағытталған ұзақ мерзімді инвестициялар екенін дәлелдеді. Бұл – елдің агроөнеркәсіптік кешенінің болашағына мықты негіз қалайды.