31.03.2026
- Холдинг туралы
- Тұрақты даму
Кеңес ал!
«Бәйтерек» ұлттық инвестициялық холдингі» АҚ бизнеске қаржыландыруға қолжетімділікті кеңейтуге және қаржылық қызметтерді алу үдерісін жеңілдетуге бағытталған Fin4B цифрлық AI-платформасын дамыту жөніндегі Жол картасының негізгі кезеңінің аяқталғанын хабарлайды.
Fin4B платформасы шағын және орта бизнес субъектілері үшін қаржы өнімдерінің қолжетімділігін арттыруға және банк өтімділігін экономикалық айналымға тартуға бағытталған.
Fin4B — шағын және орта бизнеспен жұмыс істеу үдерістерін айтарлықтай жеделдетіп, жеңілдететін AI-платформа (акционері – Холдингтің еншілес ұйымы «Qazaqstan Investment Corporation»). Платформа кредиттік процестерге қызмет көрсету құнын жеті есеге дейін төмендетіп, клиенттерді дайындау мерзімін шамамен 70%-ға қысқартуға мүмкіндік береді.
Жоба аясында «Электрондық қаржы орталығы» АҚ-ның қатысуымен платформаны Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу веб-порталымен интеграциялау аяқталды. Платформа бірыңғай сервистерге қосылып, тұрақты API өзара іс-қимылы жолға қойылды. Нәтижесінде факторингтік қаржыландырудың цифрлық тетігі енгізілді. Интеграция мемлекеттік келісімшарттар бойынша деректерді, оның ішінде олардың параметрлері, орындалу мәртебесі және орындалған жұмыстар актілерін автоматты түрде алуға және өңдеуге мүмкіндік береді.
Қалыптастырылған цифрлық орта AI-модельдер арқылы жеткізушілерді бағалауға, қаржыландыруға қолжетімді келісімшарттар тізбесін қалыптастыруға, сондай-ақ қосымша құжаттар пакетін талап етпей, өтінім беру мен құжаттарға электрондық түрде қол қоюға мүмкіндік береді. Осылайша, пайдаланушы үшін үшінші жүйелерге өтусіз, авторизациядан бастап қаржыландыру алғанға дейінгі толық әрі үздіксіз клиенттік жол қамтамасыз етілді.
«Бәйтерек» ұлттық инвестициялық холдингі» АҚ кәсіпкерлікті қолдауға арналған цифрлық құралдарды жүйелі түрде дамытып, мемлекет, қаржы институттары және бизнес арасындағы өзара іс-қимылдың заманауи экожүйесін қалыптастыруда. Fin4B платформасын енгізу осы бағыттағы жұмыстың бір бөлігі және ШОБ субъектілері үшін қаржылық шешімдердің қолжетімділігі мен тиімділігін арттыруға бағытталған.